Қазақстанда автокөлік иелері үшін мемлекеттік қызмет алу процесі жеңілдей түсті. Енді дайын болған жүргізуші куәлігін, көлік құралын тіркеу туралы куәлікті немесе мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін алу үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Ыңғайлы қызмет «ЦОН» мобильді қосымшасындағы цифрлық сервистер аясында іске қосылып отыр. Жаңа функция азаматтардың уақытын үнемдеуге және ХҚКО-лардағы кезек кептелісін азайтуға бағытталған. Жеткізу қызметіне тапсырыс беру небәрі бірнеше минутты алады.
Айта кететін жайт, бұл сервисті құжат немесе мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі толық дайын болғаннан кейін ғана пайдалануға болады. Қызмет тек тапсырыс рәсімделген елді мекеннің шегінде көрсетіледі.
Егер тапсырыс сағат 17:00-ге дейін рәсімделсе, құжат сол күні жеткізіледі. Сағат 17:00-ден кейін рәсімделген жағдайда, курьер тапсырысты келесі жұмыс күні жеткізіп береді.
Бүгінде азаматтар үшін уақыт үнемдеу өте маңызды. Сондықтан біз мемлекеттік қызметтерді барынша ыңғайлы әрі орталыққа бармай-ақ алуға мүмкіндік беретін сервистерді дамытып келеміз. Дайын құжаттарды жеткізу қызметінің іске қосылуы цифрлық экожүйені дамытудағы кезекті қадам болды және азаматтарға күнделікті істерінен қол үзбей, уақытын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Жаңа қызметті пайдалану үшін азаматтар келесі қарапайым қадамдарды орындауы қажет:
«ЦОН» мобильді қосымшасына кіріп, «Мамандандырылған ХҚКО» бөлімінен «Құжаттарды жеткізу» қызметін таңдау;
Жеткізу мекенжайын нақты көрсетіп, өзіне қолайлы уақытты белгілеу;
Оферта шартымен танысып, келісімді растау және қызмет ақысын төлеу.
Тапсырыс сәтті өткеннен кейін қызмет алушы қосымша арқылы жеткізу мәртебесін бақылап, өзіне келе жатқан курьер туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде көре алады.
Естеріңізге сала кетейік, «ЦОН» мобильді қосымшасында бұдан бөлек басқа да көптеген мемлекеттік қызметтер қолжетімді. Қосымшаны App Store және Google Play платформалары арқылы тегін жүктеп алуға болады.
Тегтер #ХҚКО #тіреку нөмірі #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz