Жетісу облысында Қапал ауылының маңынан ежелгі қаланың орны табылды.
Археологтардың пайымдауынша, бұл шаһар біздің дәуіріміздің 10-ғасырына жатады. Табылған артефактілер мұнда халықтың дәстүрлі мал шаруашылығымен қатар егіншілікпен де айналысқанын көрсетеді. Оны айғақтайтын 500-ден астам археологиялық ескерткіш табылып отыр.
Қазір негізгі жұмыстар қаланың жүрегі саналатын цитадель маңайында жүріп жатыр. Бір кездері оны биік қорған мен күзет мұнаралары қоршап тұрған. Алайда зерттеушілерді әскери емес, ортағасырлық тұрғындардың бейбіт тұрмысы мен күнделікті өмірі қызықтырады. «Сүйек сынықтары, қыш ыдыс бөлшектері секілді жәдігерлер үлкен тарихи-мәдени қабаттың бір бөлшегі», - дейді ғалымдар.
Ақбар Ерғабылов, ортағасырлық тарихты зерттеуші:
- Бұл – Қапал-Қызылағаш қалашығы. Оны қалашық деп қойған себебіміз бұл жерден қазіргі таңда көптеген ыдыс-аяқ сынықтары, керамикалық бұйымдар, көп көлемде мал сүйектері шығып жатыр. Сондықтан біз әлі де белгісіз, бірақ бір тұжырым айта аламыз: бұл жерде көптеген мемлекеттер өмір сүрген.
Ежелгі қоныстың орнын өлкетанушы Роман Мартыненко анықтады. Ол ұзақ жылдар бойы ағасымен бірге Қапал өңірі арқылы өткен Ұлы Жібек жолының солтүстік-шығыс тармағын зерттеп келеді.
Роман Мартыненко, өлкетанушы:
- Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы археолог мамандардың көмегімен осы өңірдегі барлық тарихи мұраны кеңінен насихаттау қажет. Бұл – біріншіден, өте қызықты әрі танымдық дүние. Екіншіден, бұл – біздің Жетісу өңірі. Оны сүюіміз, дәріптеуіміз және ғылыми тұрғыдан әлемге таныстыруымыз керек. Сонда туризм дамып, шетелдік қонақтар көптеп келеді.
Жетісу облысындағы Қапал округінен 500-ден астам көне ескерткіш табылды. Олардың қатарында ғалымдар ашық аспан астындағы ежелгі обсерватория деп атайтын әйгілі Қалақай ғибадатханасы мен Баянжүрек жотасындағы танымал петроглифтер бар.
Самат Шәкенов, археологиялық топтың жетекшісі:
- Қапал-Қызылағаш тұрғындарының егін шаруашылығының қай түрімен мал шаруашылығының қандай түрімен айналысқанын және де қандай өнімдерді, қандай дәнді дақылдарды пайдаланғанын біз анықтаудаымыз керек. Соның негізінде бізде осы шаруашылық шұңқырлардан жаңағы бидайдың, арпаның тарының қалдықтары және қазіргі таңда бізге белгісіз бір жемістің де сүйегі табылған болатын. Негізгі жұмытсар әлі де алда.
Ғалымдардың болжамынша, археологиялық кешеннің аумағы оң гектардан асады. Осы маңнан некрополь мен екі керуен-сарай табылған. Сондықтан бұл тарихи ескерткішті жан-жақты зерттеуге әлі бірнеше жыл қажет.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Гүлнар Жантасова, Қуаныш Түргенбаев
Тегтер #ежелгі қала #қазба жұмыстары #Жетісу облысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz