RU
Толық нұсқаға өту

Құрылыс компанияларының қара тізімі пайда болады

25.06.2026, 16:00 50

1 шілдеден бастап елде құрылыс кодексі күшіне енеді. Мың мәрте өзгеріп түзетілген, алпауыт компаниялардың қытығына тиген атышулы құжат нарыққа біраз өзгеріс әкелейін деп отыр.

Мәселен, келесі аптадан бастап құрылыс компанияларының қара тізімі пайда болады.

Қазақстанда қайбір жылдары құрылыс компанияларына жеңілдік жасаймыз деп, еркіне жіберіп, еркелетіп алдық. Салдарынан сылағы сыпырылып, қабырғасы қақырап, төбесі тесілген нысандар көбейді. Екінің бірінің тісі батпайтын компаниялар білген жерге баспана тұрғызды. Заңсыз құрылыс қаптады. Баспаналы боламын деп соқыр тиынына дейін санап берген мыңдаған үлескер сан соғып қалды. Бұдан былай бетімен кеткен құрылыс компанияларды бір жолға түсіру үшін қара тізім пайда болады. Қойылар талап екеу.     

Айнұр Адарова, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу басқармасы басшысының м.а:

- Біріншіден, өз бетінше құрылысты жүргізген көп пәтерлі тұрғын үйлердің және аз қабатты тұрғын үй кешендерінің бұзу туралы заң күшіне енген сот шешімі болып табылады. Екіншіден, жосықсыз құрылыс салушыға қатысты алаяқтық фактісі бойынша анықталған заң күшіне енген сот шешімі болып табылады. 

Министрліктің мәліметінше елде 37 сақалды құрылыс бар. Ең көбі Ақтөбеде. 11 нысан аяқсыз қалған. Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облыстарында да аз емес. Аталған өңірлерде үйлі боламын деген 3 мың үлескердің үміті күйреген. Ал мұның бәрінің артында қарашаның қаһарына қалған 27 құрылыс компаниясы тұр. Көп ұзамай олардың аты аталады. Артынша қара тізімнен орын алады.

Елдегі проблемалық құрылыс нысандары:
Ақтөбе – 11
Маңғыстау – 5
Батыс Қазақстан облысы – 4
Алматы қаласы – 3
Ақмола облысы – 3
Алматы облысы – 3
Атырау – 3
Қарағанды – 2
Абай облысы – 1
Шығыс Қазақстан облысы – 1
Павлодар – 1
3  000 үлескер

27 құрылыс компаниясы

Сала сарапшылары қарашаны зар қақсатқан компаниялардың қара тізімін жасақтау мәселені шешпеуі мүмкін деп қауіптенеді. Егер тура жолдан тайған серіктестіктер жаңа шектеулерден айналып өтпесін десек, қара тізімге компанияны ғана емес, оның басшысынан бастап сойылын соққандарды да енгізу керек дейді.

Диляра Сейітнұрова, Qazaq Expert Club орталығының құрылыс саласы бойынша сарапшысы:

- Қара тізімде компаниялардың аттарын ғана бекітіп отырмыз. Бірақ компанияны басқаратын жеке тұлғалардың деңгейіне түсіру керек деп айтып отырмыз ғой. Ол өкінішке қарай кодексте бекітілмеген. Тек қана компаниялардың аттары ғана көрсетіледі. Бірақ акционерлері, бұрынғы қожайындары, ол жерде директор болып істеген адамдардың тізімі ол да қара тізімге кіру керек. Өйткені компаниялардың қазіргі кезде ашылуы да оңай, жабылуы да оңай.

1 шілдеден бастап күшіне енетін құжат құрылыс саласындағы қауіпсіздікті арттырғанымен, баспана бағасына әсер етпей қоймайтын тәрізді.

Диляра Сейітнұрова, Qazaq Expert Club орталығының құрылыс саласы бойынша сарапшысы:

- Өйткені кепілдік мерзімі ұзартылды. Мысалы, констркутивті элементтерге 5 жылдан 10 жылға ұзартылды. Инжинерлік жүйелер 2 жылдан 5 жылға ұзартылды. Әрине, құрылыс компанияларына қаржылық жауапкершілікті көтереді.

Құрылыс компанияларының қара тізбегі жалпыға ортақ. «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» ресми сайтында жарияланады. Ал тұрғын үйлердің құны қалай құбылатыны инфляцияға да байланысты дейді мамандар.

Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Ырыстанбек Оспанов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz