Биыл елде жол құрылысы жұмыстары 11 мың шақырымды қамтиды. Халықаралық көлік дәліздерін жаңғыртып, жаңа магистральдар салу жоспарланған.
Осы уақытқа дейін республикалық маңызы бар автожолдардың 8,9 мың шақырымы жаңарды. Бұл кейінгі жылдардағы ең жоғары көрсеткіш, - деді Көлік министрлігінің өкілдері.
11 мың шақырымнан астам автожолда жұмыстар бірнеше бағыт бойынша жүріп жатыр. Ол - халықаралық көлік дәліздерін реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жүргізу, сондай-ақ жаңа автомагистральдар салу. Ауқымды жобалар халықаралық ірі қаржы институттарымен бірлесе жүзеге асуда. Олардың қатарында Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі бар.
Еркебұлан Сағатбек, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің жобаларды іске асыру басқармасының бас сарапшысы:
- 2026 жылы Қазақстанның жол саласында айтарлықтай қаржы бөлініп бірқатар жобалар іске асырылуда. Сонымен қатар саланы дамыту үшін халықаралық қаржы институттары мен жеке инвесторлар белсенді тартылуда. Қазақстан мен ЕО арасындағы уағдаластықтар аясында көлік-логистика және жол инфрақұрылымын дамытуға шамамен 1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестициялық қаражат тартылды.
2030 жылға дейін бірқатар жаңа ірі жоба іске асады. Қатарында «Қызылорда – Ақтөбе» бағыты, «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Ұлғайсын – Сексеуіл» тас жолдарын атап өтуге болады. «Бейнеу – Сексеуіл», сондай-ақ, «Орталық – Батыс бағыты бойынша Астана – Ырғыз учаскесінде 896 шақырым жол салынады. «Жезқазған – Қарағанды» автожолы, ірі қалалардың айналма жолдары жаңғыртудан өтеді.
2030 жылға дейінгі жоспар
«Қызылорда – Сексеуіл» (462 км)
«Ақтөбе – Ұлғайсын» (234 км)
«Ұлғайсын – Сексеуіл» (312 км)
«Бейнеу – Сексеуіл» (800 км)
«Орталық – Батыс (Астана – Ырғыз)» (896 км)
«Жезқазған – Қарағанды» (572 км)
Сонымен қатар орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланған учаскелер бар. Жалпы ұзындығы 4 мың шақырымды қамтиды. Атап айтқанда, 321 шақырымы күрделі жөндеуге, 3600 шақырымнан астамы орташа жөндеуге жатады. Негізгі бағыттарға: «Жезқазған – Петропавл», «Алматы – Қорғас», «Атырау – Орал», «Жаңаөзен – Кендірліден Түрікменстан шекарасына дейінгі аралық жатады.
2026-2027 жж.
Жалпы: 4 мың км, 126 учаске
Күрделі жөндеу - 321 км
Орташа жөндеу - 3,6 мың км
Негізгі бағыттар:
«Жезқазған – Петропавл»
«Алматы – Шелек – Қорғас»
«Атырау – Орал»
«Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан ш.»
Еркебұлан Сағатбек, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің жобаларды іске асыру басқармасының бас сарапшысы:
- Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 94%-ы нормативтік жағдайға келтірілген. Яғни ол жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар. 2026 жылдың қорытындысы бойынша республикалық жолдардың нормативтік жағдайын 95%-ға дейін ал жергілікті жолдардың үлесін 91%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Биылғы жылдан бастап Қазақстанда ақылы жол желісі тағы 6 бағыт есебінен кеңейтіледі. Ол «Қарағанды-Балқаш», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Талдықорған-Өскемен», «Мерке-Шу-Бурылбайтал», «Күрті-Атырау-Астрахань» трассалары.
2026-2028 жылдарға арналған автомобиль жолдары саласын дамытудың үш жылдық жоспары аясында жол желілерін ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Биыл республикалық маңызы бар күре жолдардың шамамен 8900 шақырымы жол құрылысы жұмыстарымен қамтылды. Бұл автожол саласын дамытудың маңызды кезеңі, - дейді мамандар. Кешенді жұмыстар жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, өңірлердің тұрақты дамуына, көлік инфрақұрылымын одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
Авторы: Рухани Әбдірахман
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #автожол #құрылысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz