Цифрлық трансформация, исламдық қаржыландыру және көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту.
Бүгін Алматыда ашылған Еуразиялық даму банкінің Жылдық жиналысы мен Бизнес-форумында осы тақырыптар кеңінен талқыланды. Халықаралық жиынға 15 елдің халықаралық қаржы институттары, бизнес және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Биылғы форумда– инвестициялық әріптестікті кеңейту, бірлескен жобаларды дамыту және өңір экономикасының жаңа мүмкіндіктеріне басымдық берілді. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде инвестиция ағыны шикізат секторынан өңдеуші өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешеніне қарай ойысып келеді. Форумда басты назар қаржы көлеміне емес, оны экономиканың ұзақ мерзімді өсімін қамтамасыз ететін салаларға тиімді бағыттауға аударылды.
Николай Подгузов, ЕАДБ Басқарма төрағасы:
– Алдағы бес жылға 13,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салу жоспарланып отыр. Мен Қазақстандағы инвестиция көлемі де айтарлықтай артады деп сенемін. Бұл ретте басым бағыттар өзгермейді. Себебі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың қосылған құны жоғары өнім өндіруі тиіс екенін үнемі атап келеді. Сондықтан заманауи, технологиялық тұрғыдан дамыған өнеркәсіп қажет. Осыған байланысты өнеркәсіптік жобалар мен өндірістік нысандар алдағы кезеңде инвестициялық саясаттың негізгі бағытына айналады.
Еуразиялық даму банкі Қазақстанда жалпы құны 4,2 млрд доллардан асатын жобаларды қаржыландырды. Қазір банктің қатысуымен 46 жоба іске асып жатыр. Қаржының басым бөлігі энергетика, көлік-логистика және химия өнеркәсібіне бағытталған. Шетелдік инвестициялар үшін «ашық есік» саясаты елдің стратегиялық басымдығы болып қала береді, - деді Қазақстанның Қаржы министрі Мәди Тәкиев.
Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:
- Қазақстанмен ынтымақтастық инвесторлар үшін бірлескен жобаларды жүзеге асыруда үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақстан Еуразияның орталығында орналасқандықтан, өңірдегі ең ірі көлік-логистикалық тораптардың бірі болып саналады және Еуропа мен Азия арасындағы сенімді серіктес. Үкімет экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуді, заманауи инфрақұрылымды дамытуды, көлік-логистикалық байланыстарды кеңейтуді, цифрлық технологияларды ілгерілетуді және жасанды интеллектті енгізуді дәйекті түрде қолдап келеді.
Жиында Орталық Азиядағы исламдық қаржыландырудың болашағына ерекше назар аударылды. Бұл ірі жобаларды қаржыландыруда қосымша инвестиция тартудың тиімді құралы бола алады, - дейді сарапшылар. Сонымен қатар бұл бағыт өңірлік экономикалық интеграцияны нығайтуға мүмкіндік береді.
Марғұлан Әбдіров, ЕАДБ аға атқарушы директоры:
- Биылғы бизнес форумда исламдық қаржыға ерекше көңіл бөлініп отыр. Орталық Азия жобаларын қаржыландыру үшін Таяу-Шығыс елдерінен капитал тартуға көмектеседі. Транспорт инфрақұрылымы, телекоммуникация құрылымындағы, өнеркәсіпте және де басқа салалардағы жобалар әрдәйім қарастырылуда. Соның арасында кейбір жобаларға қол қойылады. Оның бәрі елдер ынтымақтастығы үшін жасалады. Және интеграциялық эффект береді деп ойлаймын.
Форум аясында жалпы құны 600 миллион АҚШ долларына жуық жаңа инвестициялық келісімдерге қол қойылады. Бұл Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастықты күшейтіп, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Алматы #форум #инвестицияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz