RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда 500 жылқыға бағаланған көне сәукеле көрмеге қойылды

27.06.2026, 11:00 37

Хандар киген мұрақтар, билер киген бөріктер көпшілік назарына ұсынылды. Алматыда «Дәуірлер үні: қазақтың ұлттық бас киімдері» атты көрме ашылды.

Орталық Ұлттық музей төріне қырықтан астам экспонат қойылған. Көрме халқымыздың сан ғасырлық мәдениеті мен дүниетанымынан сыр шертеді. Келушілер ханымдар киген қасабаны да тамашалады. Тіпті ұмытыла бастаған бас киім түрлері - аққалпақ, күләпара мен далбағайды да осы жерден көруге болады. Ал көпшіліктің назарын аударған басты жәдігер - он тоғызыншы ғасырдың сәукелесі. Қазақ қызы сәукелені ұзатылғаннан бастап барған жерінде салтанатты тойда, содан кейін балалы болғанға дейін киген, - дейді ғалымдар.

Рүстембек Шойбеков, Филология ғылымдарының докторы:

- Кейбір деректер бойынша кезінде Кенесарының ағасы Саржан төренің бағалауы бойынша кіші жүздегі бір атақты байдың қызының жасатқан сәукелесін  500 жылқыға теңестірген екен. Бірінші ұзатылатын қыз кимейді, оның жеңгесі киіп, сәукеле дайын болды деп, ауылды аралап, соған көрімдік алған.

Тілек Сұлтан, этнодизайнер:

- Бізге дейін бас киімдердің көп нұсқалары, түрлері, өкінішке қарай жетпей қалды. Біз қазір көбіне көріп жүргеніміз тек 10 пайызы десек болады. Күнделікті тұрмыстағы тақиялар, кимешектің кейбір түрлерін ғана көріп қалып жүрсек, ал қаншама бас киімдер тарихи суреттерді және де музей қорларында сақталып тұр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz