Қызылорда облысында биыл 170 мыңнан астам бала жазғы лагерьмен қамтылады. Бұл - аймақтағы жалпы оқушылардың 96 пайызы.
Олар үшін тек демалыс емес, танымдық шаралар мен тегін үйірмелер де ұйымдастырылған. Мектеп оқушылары аймақтағы киелі орындарға саяхаттап, өлкетану бағытында ғылыми жобаларын шыңдауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп отыр.
Қызылордалық жас өлкетанушылар өңірдегі киелі орындарға саяхаттады. Олар «Қорқыт ата» мемориалдық кешені мен «Марал ишан» кесенесіне барды. Құнды жәдігерлермен танысты. Бұл сапарды ғылыми жобамен айналысатын оқушылардың өздері ұсынған.
Аяулым Бақытбекқызы, оқушы:
- Біз саяхаттап Қорқыт ата кесенесі мен Марал баба Ишанға келіп жеттік. Бұл жақта өте керемет кесенелер және табиғаттың ауасы керемет. Осындай тағы да көрікті жерлерді көргім келеді.
Айгүл Бермаханова, Қорқыт ата мемориалдық кешенінің ғылыми қызметкері:
- Бұл жердегі оқушылар әртүрлі жастағы оқушылар. Ол жазғы тынығу лагерінің оқушылары болып табылады. Бұл оқушылардың арнайы қызығушылық танытқаннан кейін біз арнайы осы оқушыларды таңдап алдық.
Биыл Сыр өңірінде 291 мектеп жанындағы лагерь ашылды. Мұнда зияткерлік сайыстар, спорттық жарыстар мен мәдени шаралар жиі өтеді. Сонымен қатар аймақта «Танымдық-шығармашылық академиясы» жобасы басталды. Оның аясында балалар қалаған үйірмелеріне тегін қатыса алады.
Жанар Бимұратқызы, Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және инновация академиясының директоры:
- Біз жұмысты екі ауысымда ұйымдастырамыз. Таңертең бастауыш сыныптарды, түстен кейін жасөспірімдерді қабылдаймыз. Бұл бізге барынша көп баланы қамтуға мүмкіндік береді. Шығармашылық және өнер бағыты, спорт бағыты және IT бағыты және пәндік бағыттар бойынша.
Демалыстың қызықты өтуі өз алдына, алайда басты назарда – бала қауіпсіздігі. Құзырлы орган өкілдері жазғы маусымда рейдтік шараларды күшейтті. Тәртіп сақшылары әсіресе түнгі уақытта жасөспірімдердің көшеде ата-анасының қарауынсыз жүруінің алдын алуда.
Ердәулет Жаукеев, облыстық ПД Басқармасының бастығы:
- Қазір Қызылорда қаласы орталығында орналасқан барлық компьютерлік клубтарды, ойын клубтарын және көпшілік көңіл көтеру орындары мен ойын-сауық орындарын түгелдей аралап, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жұмыстарды атқаратын боламыз.
Биыл өңірде 170 мыңнан аса оқушы елеміздің әр аймағындағы жазғы тынығу лагерінде демалады. Оның ішінде 150 мыңға жуық бала мектеп жанындағы лагерге барады. Қазіргі таңда өңірде 8 лагерь жұмысімстеп тұр. Мұнда барлығы 6615 бала жазғы сауықтыру шараларымен және мазмұнды демалыспен қамтылмақ.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Қызылорда #балалар #лагерьPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz