Оралдағы №5517 бөлімінде 6 дос әскери қызметін бір взводта өтеп жатыр.
Сарбаздар Ұлттық ұлан сапына Ақтөбе облысының Қандыағаш ауданынан шақыртылған. Жергілікті кәсіби колледж түлектері оқу бітірген соң Отан алдындағы борышымызды бірге өтейміз деп шешкен.
Олар осы көктемде кәсіби коллледж партасында ұстаздардан дәріс алса, қазір плацта сап түзеп адымдап, әскери машықтарын жетілдіріп жүр. Бір бөлімде азаматтық борышын өтеу туралы шешімді достар бірге қабылдапты. Әскери форма кигенде бастапқыда бір-бірін танымай қалғандарын айтады.
Артур Дерезовский, әскери қызметші:
- Бізге шақырту келген жоқ. Армияға өз еркімізбен алындық. Әскер қатарына әркім әр жерден шақыртылады. Біреулері қазақша түсінбейді. Біреулер орыс тілін білмейді. Екі тілде жақсы сөйлейтіндері бар. Сондай жағдайда бір-бірімізге түсіндіріп жібереміз. Киім жағасын тігуді білмейтіндер бар, оларға да үйретеміз.
Колледждегі студенттік достық қазір қарулас жолдастыққа ұласқан. Бір сапта 5 ұлттың өкілі бар. Олардың түрі басқа болса да тілегі бір.
Виталий Ан, әскери қызметші:
- Отан алдындағы азаматтық борышты өтеуден жалтарған жараспас деп шештік. Қазақстан азаматы ретінде, бойымызда патриотизм сезімі болғандықтан әскер қатарына келдік. Әрі армия адамды тәрбиелейді, осы жерде көптеген достар таптық.
Руслан Артемьев, әскери қызметші:
- Мен басында әскерге барам ба, бармаймын ба, қашан барам деп екі ойлы боп жүрген едім. Содан 5 группаласымның емтиханды тездетіп тапсырып, әскерге кеткелі жатқанын естігенде солардан қалмайын деп шештім. Әрбір ер азаматтың парызы, борышы Отан қорғау. Армияда түрлі қиындықтар көресің, шыңдаласың, өмірге басқаша көзқараспен қарай бастайсың. Бұрынғы түсініктерің өзгереді.
Биыл көктемде 5517 әскери бөліміне Алматы, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан 200-дей жас сарбаз шақыртылды. Дайындық курстарынан кейін олар қала көшелеріндегі тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кіріспек.
Бақберген Исақ, №5517 әскери бөлімінің бөлімше бастығының көмекшісі:
- Қазіргі уақытта оқу пунктінде алғашқы әскери дайындық сабақтары жүргізілуде. Ол жерде әскери қызмет жайында, болашақта атаратын қызметі бойынша қару-жарақ бойынша сабақтар жүргізіліп, бір сапта тұруды үйренуде. Біздің әскери бөлім Орал қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қызмет атқарады.
Жас сарбаздар 25 шілдеде әскери ант береді. Отан алдындағы азаматтық борышын мінсіз өтеп, білімімен дараланғандарға келер жылы жоғары оқу орындарының гранты да тапсырылмақ.
Е. Жылқайдарұлы, Қ.Ақрап, Эльдар Аюпов
Тегтер #әскери қызмет #достар #взвод #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz