RU
Толық нұсқаға өту

Түркістанда жаңа туристік маршрут іске қосылды

28.06.2026, 10:32 36

Екі қабатты экскурсиялық автобус әуежайдан шығып, теміржол вокзалына дейінгі 14 туристік нысанды аралайды. 

Мамандар бұл жоба туристерге сапалы сервистік қызмет көрсету және қаланың туристік инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүзеге асырылғанын айтады. 

Туристерге арналған ерекше автобус қала тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын тудырды. Ұйымдастырушылар бұл жолы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мерекесіне орай, саяхатшылармен бірге бір топ журналисті мінгізіп, қаланы тегін аралатты. Қаланың келбетіне биіктен сүйінген қонақтар мен тілшілер керемет әсер алды. 

Ұлжан Наушабаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Алғаш рет мініп отырмын. Ескі Түркістан мен жаңа, дамып жатқан Түркістанды байланыстырып, керемет әсер алып отырмын. Өзім көрмеген жерлерді де дәл бүгін көріп отырмын. Себебі көбіне келгенде осы Керуен сарайдың маңынан шықпайды екенбіз. Қазір ескі Түркістанның тарихымен танысып отырмыз.

Ибрагим Аманбай, журналист:

- Айтарға сөз жоқ. Тура бір Лондонға бармасақ та, Лондонның вайбын сезінгендей болып тұрмыз. Сондықтан тамаша, тіл-көзіміз тасқа. Бұйырса осындай жобалар көбейе берсін. Түркістанның туристік әлеуеті меніңше, бұдан да әрі қарай арта береді деген сенімдемін.

Маршрут әуежайдан басталып, Жаңа қала арқылы, Ботаника бағы, Мұз сарайы, Әкімшілік-іскерлік орталық, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Керуен-сарай туристік кешеніне және тағы бірнеше нысанға тоқатап, темір жол вокзалына келеді. Көлік Wi-Fi желісі, кондиционер және USB қуаттау құрылғыларымен жабдықталған. «Жобаның басты мақсаты Түркістан қаласына туристерді тарту, қонақтарға қолайлы жағдай жасау», - дейді ұйымдастырушылар. 

Жеңісбек Қонысбекұлы, жоба жетекшісі:

- Қонақтарға осындай қызыл автобуспен қаланы басқаша ерекше жағынан көрсету болып табылады. Бұның ерекшелігі екінші қабатының терезесі жоқ. Төбесі ашылады. Қазіргі уақытта екі мезгіл жүреді. Таңғы 10:00-ден 12:00-ге дейін 2 сағат жүреді. Кешкісін 18:00-20:00-ге дейін жүреді. Туристерді күтіп алуға, қонақтарды тасымалдауға, мерекелік қызметтерге мүмкіндік бар.

Қала билігі: «Егер саяхатшылар мен қонақтар тарапынан сұраныс артып жатса, қосымша тағы екі экскурсиялық автобус шығаруға дайынбыз», - дейді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz