Велосипед мінгеннің саудасы да қызады.
Түркістанда бұл уақытта күн шыжып, жұрт көлеңке іздеп әлекке түссе, ақ кимешекті әже екі аяқты көлікпен бидай көже сатып, табыс тауып жүр.
Алтын Арынованың жасы 70-те. Бірақ қартайдым деп қарап отырмай, іс қылған соң қимылы да ширақ, денсаулығына да шағым айтпайды. Қос дөңгелекпен қоса саудасын дөңгелеткен әжені қазір жергілікті жұрт тұрмақ туристер де танып алған.
Велосипед тізгіндеп, бидай көже сатып жүретін әжені түркістандықтардың көпшілігі таниды. Себебі Алтын Арынованың салқын көжесін ішпегендер кемде-кем. Оның үстіне жасы ұлғайған кісінің өзін ширақ ұстап, қос дөңгелекті көлікті еркін игеруі жұртты сүйсінтеді. Жасы жетпіске келсе де басы ауырып, балтыры сыздамайтынын айтады. Осы арқылы өзгелерге күш-қуат сыйлап жүр.
Алтын Арынова, зейнеткер:
- Велосипедттің пайдасы аяғыңа пайда, денеңнің бәріне пайда, қимылдап отырасың ғой. Бұл жердің халқы 12, 01-ге дейін үзілмейді түнде. Көбінесе кешке келеді. Мен великпен айналып қай жерде кісі көп, сол жерге барып саудамды жасап жүре беремін. Еш жерім ауырмайды. Осының арқасында деп ойлаймын. Бұны айдап жүргеніме 4-жылға кетіп бара жатыр.
Алтын әженің мамандығы дәрігер. Саналы ғұмырын медицина саласына, оның ішінде акушерлік қызметке арнаған. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 5-6 немере сүйіп отыр. Зейнеткерлікке шыққан соң салауатты өмір салтын ұстанып, сауда мен спортты қатар алып жүр. Велосипедпен сауда жасап жүріп-ақ күніне бірнеше шақырымды еңсереді. Қазір Алтын әжеге ұлы Бағлан көмектеседі.
Бағлан Тынысбекұлы, Алтын Арынованың ұлы:
- Анамның жағдайы Аллаға шүкір, жақсы. Күнде таңертең далаға шығып серуендеп, 2-3 шақырым жүріп қайтады. Одан кейін көже істеу басталады. Күніне 5-6 шақырым жүреді ғой велосипедпен, сауда-саттықпен. Соның арқасында ауырмайды. Денсаулығы жақсы.
Сергектігімен көпшілікті тәнті еткен Алтын әженің бидай көжесі бүгінде қала тұрғындарының ғана емес, туристердің де сүйікті сусынына айналған. Өзге өңірден келген саяхатшылар да салқын көжені сағынып келетіне куә болдық.
Шыңғыс Әміреев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Алматыдан Түркістанға келіп отырмыз қонақ болып. Апамыздың көжесін іштік, салқын, керемет екен. Бәрі дәмді, жақсы. Осындай ыстық күнде апамыздың салқын көжесі көмектесіп жатыр.
Алтын апаның көжесінен бұрын кимешегі елді сүйсінтеді. Әппақ болып киініп отырғаны ол кісінің мұнтаздай тазалығынан хабар береді. Алтын әже болашақта кәсібін бұдан әрі дамытып, Түркістанның брендіне айналдырмақ ниетте.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #велосипед #әже #көже #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz