Мәртөкте жас-кәрі, еркек-әйел демей түгел велосипед мінеді.
Ақтөбе облысындағы бұл ауыл үшін велосипед - күнделікті қатынас құралы. Жұмысқа да осымен қатынайды, сабаққа да барады, шаруаларын да атқарып жүр. Велосипед көп болған соң ауылдың әр тұсында велотұрақтар да жасақталған.
Жаз келісімен Мәртөк тұрғындары жаппай велосипедке отырады. Ауыл халқы үшін бұл көлік түрі әлдеқашан тұрмыстың ажырамас бөлігіне айналған. Велосипед бір жағынан отбасы бюджетін үнемдеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан денсаулықты нығайтады.
Нұрсұлу Асанова мәртөк ауылының тұрғыны:
- Жаз шықса осы велосипедпен жүреміз. Жақсы жеңіл тез барасың, әлде денсаулыққа жақсы. Жұмыста, мысалы, 5 келіншек болса соның үшеуінде велосипед.
Майра, Қаракесекәртөк ауылының тұрғыны:
- Мен өзім бала кезімнен мінемін велосипедті. Бір жағынан, денсаулыққа пайдалы бір жағынан шығын шығармайсың.
Наталья Черненко осы ауылда 15 жыл бойы орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Отбасында автокөлік болғанына қарамастан мектепке велосипедпен қатынағанды құп көреді. Балалары да білім ошағына осы көлікпен барады.
Наталья Черненко, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- Велосипедпен жүрген қолайлы. Ауысым арасындағы үзілісте үйге барып, түскі асымды ішіп үлгеремін. Сондай-ақ үйден білім алатын оқушыларым бар. Сабақ арасында оларға барып келуге де мүмкіндік мол. Балаларым да күн сайын мектепке велосипедпен қатынайды.
Қос дөңгелекті көлік зейнеткерлер арасында да сұранысқа ие. Аудан орталығының көптеген жеріне арнайы велосипед тұрақтары орнатылған. Олар әкімдік, мектеп, аурухана және сауда орындарының жанында орналасқан. Бір қызығы, ауыл тұрғындары велосипедтерін еш алаңсыз, құлыптамай қалдырады.
Шолпан Кенжеғараева, Мәртөк ауылының тұрғыны:
- Атам бүгінде 73 жаста. Соған қарамастан әлі күнге дейін велосипед тебеді. Ауылға келген соң ескі велосипедін жөндеп, қайта міне бастады. Өзім де осы көлікпен жүремін. Оның денсаулыққа пайдасы зор. Сондықтан такси шақырмаймыз. Қажет жерге велосипедпен тез жетеміз.
Тұрғындар велосипедтің денсаулыққа пайдасымен қатар оның экологиялық артықшылығын да ерекше атап өтеді. Қоршаған ортаны ластамайды, ауа тазалығын сақтайды. Сондықтан велосипед Мәртөкте тек қатынас құралы емес, салауатты әрі экологиялық өмір салтының ажырамас бөлігіне айналған.
Рүстем Қайратұлы, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов
Тегтер #Таңдаулы #Ақтөбе облысы #велосипед #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz