RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Тек мегаполистерге емес: Қазақстанның ауыл тұрғындары шын мәнінде қайда көшіп жатыр?

29.06.2026, 09:45 50

Қазақстанда ауыл тұрғындарының көші-қоны әр өңірде әртүрлі өрбіп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, ауыл халқы түгелдей мегаполистерге көшіп жатыр деген түсінік шынайы жағдайды толық көрсете бермейді. Өңірлік даму жөніндегі Qazaq Expert Club-тың шақырылған сарапшысы Фатима Герфанова ауылдық көші-қонның негізгі үрдістерін талдап берді, деп хабарлайды «24KZ».

2025 жылы Қазақстанның 17 облысындағы ауылдық жерлерден шамамен 638 мың адам көшіп кеткен. Бір қарағанда, бұл көрсеткіш кең тараған пікірді растайтындай көрінеді: Қазақстан ауылдары босап, тұрғындар жаппай мегаполистерге қоныс аударып жатыр. Алайда мұндай қорытынды тым қарапайым болар еді, – деді өңірлік даму жөніндегі Qazaq Expert Club-тың сарапшысы Фатима Герфанова.

Сарапшының айтуынша, мұнда ауыл халқының таза кемуі емес, көшіп кеткендердің жалпы ағыны туралы сөз болып отыр.

Сондықтан бұл көрсеткішті көшіп келгендер саны, халықтың табиғи өсімі және жалпы тұрғындар саны сияқты факторлармен бірге қарастыру қажет. 638 мың адамның шамамен 44%-ы өз облысының шегінен тыс жерге қоныс аударған. Ал ауылдан көшкендердің шамамен 31%-ы елдің үш ірі қаласы – Алматы, Астана және Шымкентке бағытталған. Сонымен қатар, көшіп кеткендердің жартысынан көбі өз өңірінде қалады, ал олардың бір бөлігі ресми түрде ауыл саналғанымен, іс жүзінде қалалық агломерациялардың құрамына енген елді мекендерге қоныстанады, – деді сарапшы. 

Сондықтан бүгінгі басты сұрақ «адамдар ауылдан кетіп жатыр ма?» емес, «олар нақты қайда көшіп жатыр және неге кейбір өңірлер өз тұрғындарын сақтап қала алады, ал басқалары сақтай алмайды?» деген мәселе екенін айтты сарапшы.

Көші-қон ағындарының құрылымы Қазақстандағы ауылдық көші-қонның үш түрлі сценарий бойынша дамып жатқанын көрсетеді.

Бірінші сценарий – мегаполистерге тікелей көшу. Бұл жағдайда ауыл тұрғындарының едәуір бөлігі өңірден кетіп, елдің ірі қалаларына немесе көршілес экономикалық орталықтарға қоныс аударады. Мұндай модель Түркістан, Ақмола, Қызылорда облыстары мен Ұлытау облысына тән, – деді сарапшы.

Ең айқын мысал – Түркістан облысы. Ауылдық жерден көшіп кеткен 135,3 мың адамның 61%-ы басқа өңірлерге қоныс аударған.

Олардың басым бөлігі Шымкентке кеткен, ал Түркістан қаласының өзі ауылдық көші-қон ағынының небәрі 3%-ын ғана қабылдаған. Бұл облыс орталығы мәртебесінің өзі қаланы автоматты түрде тартымды орталыққа айналдырмайтынын көрсетеді, – деді Фатима Герфанова.

Осыған ұқсас жағдай Ақмола облысында да байқалады. Мұнда да ауылдан көшкендердің 61%-ы облыстан кетеді, ал сыртқы көші-қон ағынының жартысына жуығы Астанаға бағытталған.

Көкшетау әкімшілік орталық болғанымен, жалақы, жұмыс орындары, білім беру және қызмет көрсету сапасы бойынша елордамен бәсекелесу объективті түрде қиын, – деді сарапшы.

Екінші сценарий – халықты өңір ішінде ұстап қалу. Мұнда адамдар ауылдан кетсе де, көбіне өз облысындағы қалаларға көшеді. Мұндай модель Ақтөбе, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарына тән, – деді ол.

Ең жарқын мысал – Ақтөбе облысы. Ауылдық елді мекендерден кеткен тұрғындардың небәрі 10%-ы ғана облыстан тыс жерге қоныс аударады. Бұл – барлық 17 облыс арасындағы ең төмен сыртқы көші-қон көрсеткіші.

Мұндай нәтиже көші-қонның жоқтығын емес, өңірдің өз еңбек нарығы арқылы тұрғындарын ұстап қала алатынын көрсетеді, – деді сарапшы.

Оған ұқсас жағдай Қарағанды облысында да байқалады. Мұнда ауылдан көшкендердің тек 21%-ы ғана өңірден кетеді.

Қарағанды мен Теміртау қалалары жұмыс орындарын, дамыған өнеркәсіпті және тұрақты экономиканы қамтамасыз етеді. Сондықтан көптеген тұрғын үшін облыс ішінде көшу басқа өңірге қоныс аударуға толыққанды балама болып отыр, – деді Фатима Герфанова.

Үшінші сценарий – аралас модель. Бұл жағдайда сыртқы көші-қон өңір ішіндегі халықтың қайта бөлінуімен қатар жүреді. Мұндай жағдай Алматы, Жамбыл, Жетісу, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарына тән.

Ерекше орын алатын өңір – Алматы облысы. Бұл ауылдық жерлерде оң көші-қон сальдосы тіркелген жалғыз өңір. Негізінен сөз Алматы қаласының маңындағы Қарасай, Талғар және Іле аудандары туралы болып отыр, – деді сарапшы.

Оның айтуынша, ресми түрде бұл ауылдық аумақтар саналғанымен, іс жүзінде олар әлдеқашан қалалық агломерацияның бір бөлігі ретінде жұмыс істейді. Адамдар бұл жерлерге мегаполиске жақын болу, жұмыс орындары және тұрғын үйдің салыстырмалы қолжетімділігі үшін көшіп келеді.

Ақмола мен Қарағанды облыстарын салыстыру да ерекше назар аударады. Екі өңір де елордаға жақын орналасқанымен, көші-қон үлгісі мүлде өзгеше, – деді Фатима Герфанова.

Оның сөзінше, Ақмола облысында ауылдық көші-қон негізінен Астанаға бағытталса, Қарағанды облысында тұрғындардың едәуір бөлігі өңірдегі қуатты экономикалық орталықтардың арқасында өз аймағында қалып отыр.

Қазақстан сияқты елдер үшін даму тек ірі мегаполистердің айналасында ғана құрылмауы тиіс. Ауыл мен қала арасында шағын және орта қалалар, қала маңы аумақтары және өңірлік орталықтар сияқты күшті аралық буындар болуы қажет, – деді сарапшы.

Оның айтуынша, мұндай орталықтар ауылдық жерлерді еңбек нарығымен, біліммен, медицинамен және басқа да қызметтермен байланыстырады.

Күшті өңірлік орталық бар жерде көші-қон ағынының едәуір бөлігі облыс ішінде қалады. Ал мұндай орталық жоқ немесе мүмкіндіктері мегаполистерден әлсіз болса, адамдар көбіне Алматыны, Астананы немесе Шымкентті таңдайды. Сондықтан шағын және орта қалаларды дамыту – ауылдық аумақтарды дамытудың негізгі құралдарының бірі, – деп түйіндеді өңірлік даму жөніндегі Qazaq Expert Club-тың шақырылған сарапшысы Фатима Герфанова.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz