RU
Толық нұсқаға өту

Ұлытауда дәрігер мен мұғалім жетіспейді

29.06.2026, 13:43 46

Ұлытау облысының білім беру саласында 200-ден астам маман тапшы.

Денсаулық сақтау ісінде 189 жоғары білікті дәрігер жетіспейді.  Сондықтан, кадр тарту бойынша  аймақтық бағдарлама жасалды.  Жоба аясында мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Ұлытау өңірінде дәрігер тапшылығы біраздан бері бар. Жаңа аймақ құрылғалы сұраныс арта түсті. Мысалы, Жезқазғанның көп салалы ауруханасында 30 дәрігер жетіспейді. Штат толғанша тапшы маманның жұмысын өзге дәрігерлерге қосымша жүктеме ретінде беріп амалдап отырмыз дейді мекеме басшылығы.

Ғабиден Аханов, облыстық көп салалы аурухананың директоры:

- Акушер-гинекологтарымыз, реаниматологтарымыз, неонатологтарымыз сол мамандарға тапшымыз. Жоқ маманның орындарын бізде нагрузка дейміз ғой сол жұмыс істеп жатқан дәрігерлерге қосымша ставкалар беріп, қосымша жұмыстар беріп сонымен шығып жатырмыз. Сосын врач-совместитель деген түсінік бар. Сол кісілерге көтерме ақша береміз, солай жұмыс істейді. 

Жергілікті билік өңірге  дәрігер тарту үшін арнайы бағдарлама да жасады. Яғни көшіп келген мамандарға көтермеақы және тегін баспана беріледі. Шалғай ауылдарға барған мамандарға 8 млн теңгеге дейін қолдау бар. Осының нәтижесінде соңғы үш жылда облысқа 100 жоғары білікті дәрігер келді. Дегенмен, әлі 189 дәрігер қажет.

Рүстем Нысамбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- 180-нен астам дәрігер қажет. Сондықтан алда атқарылатын жұмыс көп. Жастарды оқыту үшін тиісті қаражат қаралған. Өңірге келген мамандарды қолдау үшін облыс қазынасынан 180 млн теңге бөлінді. Биыл 100-ден астам дәрігер тартамыз деп жоспарлап отырмыз. Оларды баспанамен қамтып, баспанамен қамту міндеті тұр.

Өңірдегі маман тапшылығы білім саласында да бар. 200-ден астам мұғалім жетіспейді. Әсіресе жаратылыстану мен ағылшын пәні мұғалімдері және логопед, дефектолог секілді мамандар жоқ. Тапшылықтың салдарынан зейнет жасына жеткен 300 ден астам ұстаз әлі қызметте жүр. Сондықтан жергілікті билік жыл сайын қажет мамандықтарға тегін грант бөледі.

Айнұр Шалғынбаева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Жоғары оқу орындарының жәрмеңкелеріне қатысамыз, оның сыртында «Педагог GO»  бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырамыз. Ашық есік күндерін ұйымдастырамыз. Сол кезеңде педагогтарды тарту жұмыстары жүргізіледі. «Дипломмен ауылға» деген бағдарламамен 2025 жылы 47 жас маман жұмысқа орналастырылды. Ұлытау ауданы бойынша 29, Жаңаарқа ауданы бойынша 17 және Талап ауылы бойынша 1 маман тартылды. Оларға көтерме көлемде ақша беріледі.

Облыста маман даярлайтын жалғыз ғана жоғары оқу орыны бар. Сондықтан жастардың көбі өзге өңірлерге барып оқуға мәжбүр. Осы олқылықты толтыру үшін Жезқазғанда шетелдің жетекші білім ордаларымен бірлесіп Техникалық университет құру жұмыстары жүріп жатыр.

Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz