Мемлекет жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеді.
Биыл да әлеуметтік санаттағы талапкерлерге мемлекеттік гранттарды бөлу кезінде арнайы квоталар қарастырылған. Ауыл жастары, жетім балалар, көпбалалы және толық емес отбасыдан шыққан талапкерлер үшін берілетін бұл қолдау мыңдаған жастың армандаған мамандығына түсуіне мүмкіндік беріп отыр.
Елде білім беру гранттарына арналған 10 түрлі әлеуметтік квота қарастырылған. Олардың қатарында мүгедектігі бар азаматтарға, жетім балаларға, қандастарға, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан жастарға, «Серпін» бағдарламасының қатысушыларына, мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға және ауыл жастарына арналған квоталар бар. Бүгінде жекелеген мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру гранттарының 35 пайызы ауыл мектептерінің түлектеріне бөлінеді.
Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланғандардың бірі – Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Кадастр және жерге орналастыру» мамандығының 1-курс студенті Аманай Батыр. Ол ҰБТ-дан 69 балл жинап, ауылдық квота арқылы мемлекеттік білім грантын жеңіп алды.
Аманай Батыр, 1-курс студенті:
- Әлеуметтік желі арқылы түрлі видеолар қарап, зерттеп, ауыл квотасы арқылы түсуді білдім. Мен ҰБТ-дан 69 балл алдым. 69 балл алғаннан кейін, өз қалама оқуға түсуге сенімсіз болдым. Сосын ауыл квотасы арқылы түстім. Грантқа іліндім, Астанаға түстім, қалаған мамандығыма бір жақсысы, ата-анам қуанды, мен үшін үлкен жетістік деп айта аламын. Грантқа түсу көп адамның қолынан келе бермейді деп айтуға болады.
Бүгінде Аманай оқу үлгерімімен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады. Ол еріктілер қозғалысының мүшесі ретінде түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып жүр. Университет басшылығы оны білімге құштар әрі жауапкершілігі жоғары студенттердің бірі ретінде бағалайды.
Жанаркүл Мақатова, С. Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ жер ресурстары және сәулет институтының директоры:
- Аманай – ерікті, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысатын, сонымен қатар білім көрсеткіші жоғары студенттеріміздің бірі. 2025–2026 оқу жылында біздің университет қабылдау көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда болды. Соның бір дәлелі – университетімізге 7 мыңнан астам студент қабылданды. Біздің университетке ауылдық квотамен түскен студенттер саны көп болды. Сондай-ақ І және ІІ топтағы мүгедектігі бар талапкерлерге, көпбалалы отбасынан шыққан талапкерлерге де тиісті жеңілдіктер қарастырылған.
Айта кетейік, ауылдық квота ҰБТ нәтижесіне әсер етпейді. Ол тек мемлекеттік білім гранттарын бөлу кезінде ескеріледі. Мәселен, 2026 жылы «Педагогикалық ғылымдар» бағытына бөлінген 12 мың 228 гранттың 122-сі осы санаттағы талапкерлерге қарастырылған.
Жанна Есенбаева, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары:
- «Білім туралы» заңға сәйкес, бізде бірнеше санат бойынша квота түрінде жеңілдіктер қарастырылған. Яғни мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу кезінде жекелеген санаттағы талапкерлер үшін арнайы көлемде квота белгіленеді. Өткен жылы, яғни 2025 жылы алғаш рет жаңа квота енгізілді. Атап айтқанда, мерзімді әскери қызметін өтеп келген азаматтарға мемлекеттік білім беру грантын тағайындау кезінде 2,5 пайыз көлемінде квота қарастырылды. Ал 2026–2027 жаңа оқу жылына бакалавриат деңгейі бойынша, оның ішінде денсаулық сақтау бағытындағы мамандықтарды қоса алғанда, 75 мыңнан астам мемлекеттік білім беру гранты бөлінуі жоспарланып отыр. Сонымен қатар магистратура деңгейіне 10 мыңнан астам, ал докторантура деңгейіне шамамен 3 мың грант қарастырылған.
Наргиз Бекмағанбетова, тілші:
- Мамандардың айтуынша, бұл жүйе ауыл мектептерінің түлектері мен әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларына жоғары білім алып, олардың болашақта білікті маман болып қалыптасуына мүмкіндік береді.
Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Медет Қуанышбеков, Қанат Махмутов
Тегтер #квота #жоғарғы білім #талапкер #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz