RU
Толық нұсқаға өту

Елордада Президент атынан Конституцияның арнайы басылымы табысталды

29.06.2026, 19:26 64

Астанада жаңа Конституциясының арнайы басылымын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың хаты салынған Ата Заңды Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады. Арнайы басылым шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдеріне, сондай-ақ Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелеріне берілді. Жиында Аида Балаева жаңа Конституцияның қабылдануы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы бастаған саяси және қоғамдық жаңғырулардың заңды жалғасы екенін атап өтті. Үкімет басшысының орынбасары Конституцияның маңызы онда бекітілген құқықтық нормалармен ғана емес, ең алдымен, оның өзегіне айналған құндылықтармен айқындалатынына назар аударды. «Біз үшін аса маңызды жаңашылдықтың бірі – мәдениет, ғылым және білімнің негізгі конституциялық құндылықтар қатарына енгізілуі. Ұлттық мәдениетті мемлекеттік қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау алғаш рет мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде конституциялық деңгейде бекітілді. Сонымен қатар Конституцияда әрбір азаматтың тарихи-мәдени мұраға ұқыпты қарауға, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндетті екені нақты көрсетілген. Бұл мәні терең, маңызы зор өзгеріс», – деді Аида Балаева. Премьер-министрдің орынбасары жаңа Конституцияның идеялық негізінде Мемлекет басшысы ұсынған «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қағидаттары жатқанын атап өтті. Кездесу барысында жаңа Конституцияда отбасы институтының құқықтық негіздері нақтыланып, қоғам үшін айрықша маңызы бар құндылықтарды қорғау кепілдіктері күшейтілгені де айтылды. Еске сала кетейік, жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Ләззат Сүлеймен, Президент жанындағы әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:

- Жаңа Конституцияның мәтінін қолымызға алып отырмыз. Ол үшін Мемлекет басшысына үлкен алғысымызды айтамыз. Бірден оқығаннан түсінгенім, бұл конституция қазіргі тұрақсыз заманда, мемлекетті, біздің Қазақстанның ішкі тұрақтылығын сақтауға бағытталған Конституция. Бұл конституция әлемдік саясаттың әлі басқа елдерге біліне қоймайған үрдістерін есептей отырып, қалыптастырылған.

Роза Мұқанова, жазушы, драматург, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

- Бұл Конституция тарихи мәртебеге ие болып отыр. Халықтың қалауы. Халықтың өз қалауымен келді. Өйткені осы уақытқа дейін қоғамда жаңару, жаңа толқын жаңа буын қалыптасып келе жатыр. Уақыт өркениетке аяқ басып кетіп бара жатыр. Осындай кезеңде, жауапты кезеңде, Қазақстан мемлекетінің Конституциясы келді. Енді міне осы конституциямен қазақ ұлты, қазақ халқы, қазақстандықтар өмір сүреді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz