Бұл мақсатқа бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінді. Білім беру нысандарының басым бөлігі ағымдағы жөндеуден өтеді. «Біраз мектепке жаңа жабдықтар алынады», - дейді жауаптылар.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Бір Қостанай қаласының өзінде 36 мектеп бар. Соның 3-уі бүгінде күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Оның бірі мынау қазір мен тұрған 11-ші мектеп. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған білім ордасында содан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген.
Айбек Молдабеков, мектеп директоры:
- Өздеріңіз көргендей, біз жылда бояймыз, сырлаймыз, бірақ бұл жерде қабырғаларды түзетіп, дұрыстап сырлау керек. Мынау төбеде жарық жүйесі де дұрыс орнатылмаған, бұл балаларға қауіп төндіріп тұр. Сондықтан да бұлардың барлығын демонтаждап, ертең жарықтандыруды қабырғаға орнатамыз деген ойымыз бар.
Мектептерді қайта жаңғырту бағдарламасы аясында бұл білім ошағын жөндеуге 170 миллион теңге бөлінген. Оның сыртында жабдықтарды жаңартуға қосымша тағы 38 миллион теңге қаралып отыр. Оқу маусымы аяқталысымен басталған жөндеу жұмыстарының біраз бөлігі еңсерілген. Мектептің есік, терезесі толық жаңартылып, кәріз, су желісі ауыстырылды.
Сергей Герасименко, мердігер ұйымның өкілі:
- Ағаш еден әбден ескірген ғой, оны алып тастап, замануи талапқа сай бетонмен тегістеп, керамогранит төсейміз деп шештік. Тозығы жеткен инженерлік желіні полипропиленге ауыстырдық. Ол жұмыстар толық атқарылды. Енді еден құюға кірісіп жатырмыз. Бір ай шамасында толық аяқтаймыз деген ойдамын.
Жалпы биыл өңірде 97 білім ошағы жөндеуден өтеді. Бұл мақсатқа 5 миллиард 300 миллион теңге бөлінді.
Анна Лазерева, облыстық Білім басқармасының баспасөз хатшысы:
- Облыс бойынша 7 білім беру нысанында күрделі жөндеу жүргізіледі. 90 мектепте ағымдағы жөндеу жоспарланған. Бүгінде соның 18-де белгіленген жұмыс ауқымы толық атқарылды. Қалғандарында жұмыс жалғасып жатыр. Әлі мердігермен анықталмаған нысандар да бар.
Сондай-ақ биыл жалпы білім беретін 1900 орындық екі жаңа мектептің құрылысы аяқталып, ел игіліне тапсырылады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров
Тегтер #Қостанай облысы #мектеп #жөндеу жұмыстары #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz