Елдегі киік саны рекордтық деңгейге жетті. Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының мәліметінше, қырда 4 млн 700 мыңдай бөкен көзге іліккен.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп. Киік санының артуы шаруаларды әбігерге салып отыр. Жаздағы қуаңшылықтың зардабы аздай шегірткенің қаптауы, киіктердің егіс алқабын таптауы жығылған үстіне жұдырық болды. Түз тағыларының санын пышаққа іліп реттейік десе, жауапты министрлік киік етіне сұраныс жоқ дейді. Енді қайтпек керек?
Киік мүйізі – браконьерлердің басты нысанасына айналған табыс көзі. Осы саладағы тәртіпті күшейту үшін Қазақстан 2016 жылы Бонн конвенциясына қосылып, киік мүйізін сатуға нөлдік квота енгізген болатын. Алайда бұл шектеу былтыр желтоқсанда алынып, жылына 10 тоннаға дейін ұлғайтылды. Әзірге оның мерзімі үш жыл. Егер министрлік осы аралықта тиянақты жұмыс жасаса, квота тұрақты берілуі мүмкін. Сонда еліміз 2029 жылға қарай 10, 20, тіпті 50 тоннаға дейін киік мүйізін экспорттай алады.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Киік санын реттеу кезінде мүйіздер кесіліп алынады. Олар қабылдау пункттерінде және жергілікті әкімдіктерде ақпараттық жүйеге енгізіліп, арнайы таңбаланады. Кейін күзетпен Алматыға жеткізіледі. Мұнда арнайы салқындатқыш қоймалар бар. Онда белгілі бір температура мен ылғалдылық режимі сақталады. Әр мүйіздің жеке нөмірі бар және бәрі тіркеуде тұр.
Киік мүйізінен түсетін қомақты қаржы қайда жұмсалады? Министрдің айтуынша, қаражат биологиялық әртүрлілікті сақтауға, киіктерді қорғауға, сондай-ақ қажетті көлік сатып алуға жұмсалады. Дегенмен жауапты мамандар әзірге түз тағысының мүйізін сатудан қанша ақша түсетінін нақты айта алмай отыр.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Нарықта өнім болмаса, оның бағасы жоғары болады. Ал көп көлемде шықса, баға төмендеуі мүмкін. Сондықтан нақты сома туралы айту қиын.
Киік етіне сұраныс жоқ
Елде түз тағысының санын реттеу шарасы басталғалы 200 мыңға тарта киік сойылған. Алайда ауыл шаруашылығы вице-министрі киік етіне айтарлықтай сұраныс жоқ дейді.
Азат Сұлтанов, ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Өкінішке қарай, қазір киік етіне үлкен сұраныс жоқ. Қайта өңдеу кәсіпорындарында артық қор жиналып қалғаны байқалады. Бұл ең алдымен Қазақстанның сирек кездесетін жануарлар популяциясын қалпына келтіру жөніндегі шектеулерімен байланысты. Біз Экология, Сауда министрліктерімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, өткізу арналарын кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Киіз етіне сұраныс жоқ, ал мүйізді шектен тыс сыртқа экспорттай алмаймыз. Енді қайтпек керек? Тәуелсіз экологиялық шолушы: «Киік мүйізін елімізде өңдеп, фармацевтика саласына қолдануымыз керек», - дейді.
Қырда 5 млнға тарта киік бар
Киік – өмір сүру уақыты қысқа, көбеюі жылдам дала жануары. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жер бетіндегі ақбөкеннің 98 пайызы біздің елде мекен етеді. Биыл оның саны 5 миллионға жуықтады. Ал төлдерін қоса алғанда 7 млнға жетіп жығылады. Яғни жылдан жылға саны артып келеді. Киік санын реттеудің ендігі жолы мүйізден отындық дәрі-дәрмек жасау. Мамандар осылай дейді.
Тегтер #Киік мүйізі #экспорт #рекорд #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz