RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-да жаңа теміржол бекеті пайдалануға берілді

29.06.2026, 22:14 36

Батыс Қазақстан облысында төрт теміржол бекетінің ғимараты қайта жаңғыртылды. 

Шыңғырлау, Ақсай, Орал қаласы және Тасқала ауданындағы Семиглавый Мар стансаларының вокзалдары өткен жылы көктемде күрделі жөндеуге жабылған еді. Бүгін салтанатты жағдайда Семиглавый Мар стансасының бекеті пайдалануға берілді.

Тасқала ауданына қарасты Достық ауылы - Орал қаласынан небәрі 100 шақырым жерде орналасқан, халық саны 700-ден сәл асатын, Ресейдің Саратов облысымен шекарадағы шағын ауыл. Тұрғындардың көбі Оралға теміржолмен қатынайды. Саратов-Алматы пойызы да ел аумағына кіргенде осы стансада толық шекаралық тексеруден өтеді. Ауылдағы бұрынғы теміржол вокзалы 1916 жылы салынған екен.

Серғали Жайлаубай, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Ақтөбе магистральды желі бөлімшесі директорының бірінші орынбасары:

- Бұл жолдың маңызы біз үшін өте зор. Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» арқылы Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі бойынша тасымалданатын жүк пойыздарының көлемі 15 миллион тонна-километр бруттоға жетті. Қазіргі уақытта осы станция арқылы бір мемлекетаралық және бір қалааралық жолаушылар пойызы қатынайды. Сонымен қатар шекаралық бақылау рәсімдерінің барлығы осы вокзал арқылы жүзеге асырылады.

Теміржол бекетінің ашылу салтанатына қатысып, жолаушылардың қуанышына ортақтасқан облыс әкімі биыл өңірде төрт теміржол вокзалының қайта жаңғыртылғанын атап өтті. Бұл жұмыстардың барлығы да Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатыр.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Осы вокзалды толықтай бұзып, оның орнына жаңа вокзал ғимаратын салдық. Қазіргі таңда бұл станция арқылы тәулігіне екі пойыз өтеді. Құрылыс жұмыстарына 320 миллион теңге жұмсалды. Бұл – республикалық бюджеттен бөлінген қаражат. Бүгінде мердігер компания құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтады. Ал Шыңғырлауға келетін болсақ, Тасқаладағы сияқты ескі вокзал бұзылып, орнына жаңа ғимарат салынды. Сондай-ақ Бөрлі ауданындағы Ақсай вокзалында толық реконструкция жұмыстары жүргізілді.

Таяу күндері өңірдегі қайта жаңғыртылған өзге де теміржол бекеттері пайдалануға беріледі.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz