RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан Грузияның теңіз айлақтарына кіруге ниетті

29.06.2026, 22:42 37

Транскаспий халықаралық көлік бағдарының қуаты артып келеді. Соңғы бес жылда тасымал көлемі 3,5 есе өскен. 

Енді Қазақстан мен Грузия бірігіп, Орта дәліз әлеУетін одан әрі арттыруды жоспарлап отыр. Бүгін елге Премьер-министр Ираклий Кобахидзе, ресми сапармен келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізді. Саясаткерлер тариф саясатын үйлестіруге келісті. Қазақстан Оңтүстік Кавказ аймағындағы, теңіз айлақтарына кіруге ниетті. 

Қазақстан мен Грузия. Екі елдің арасын мыңдаған шақырым бөліп жатыр. Ауылы аралас, қойы қоралас болмаса да алыс-беріс, барыс-келісі көп. Себебі география соны талап етіп тұр. Тбилиси –  Оңтүстік Кавказ аймағындағы маңызды әріптес. Мысалы, Транскаспий бағыты еліміздің логистикалық қуатының темірқазығы саналады. Ал Грузия сол Орта дәліздің маңызды тізбегінде орналасқан. Осыдан-ақ қос мемлекетің мәмілеге мүдделі екенін аңғару қиын емес.

Астана ресми сапармен келген Премьер-министр Ираклий Кобахидзені салтанатпен қарсы алды. Тәуелсіздік сарайында қарсы алу рәсімі өтті.

Саясаткерлер келіссөзді шағын құрамнан бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықты дамытуға бар күш жігерін жұмсайтынын жеткізді. Екі ел сан саладағы серіктестікке серпін бере алады. Алайда мүмкіндіктер толыққанды пайдаланылып жатыр деп айту қиын. Президент те осыған назар аударып, қолда бар әлеуетті тиімді пайдалануға шақырды. Мұны мейман мақұлдап, барлық бағыттағы байланысты арттыруға ниетті екенін жеткізді. Кейін келіссөзге делегация мүшелері қосылды. Мұнда бүгінгі қол қойылатын құжаттар егжей-тегжейлі талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгін қол қойылатын стратегиялық серіктестік орнату жөніндегі бірлескен мәлімдеме қазақ-грузин қарым-қатынасын жаңа әрі сапалы деңгейге көтеретініне сенімдімін. Сауда-инвестициялық ықпалдастық екі ел байланысының өзегі саналады. Жаһандағы тұрақсыздыққа қарамастан тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік мол. Қазақстан Грузия экономикасына жарты миллиард доллардан астам инвестиция салды. Әрі аталған елдің ірі инвесторларының қатарына кіреді.

Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме деген не? Президент бұл құжат қазақ-грузин қарым-қатынасын жаңа әрі сапалы деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Мұнда байланыстың барлық бағытындағы екі елдің ұстанымдары мен мүдделері тайға таңба басқандай жазылады. Біздің тарап жол картасын әзірлеу туралы ұсыныс жасады. Ол  энергетика, инвестиция, көлік қатынасы, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм сынды салаларды қамтиды. Мұндай ілкімді іске мейман да қолдау білдірді.

Ираклий Кобахидзе, Грузия Премьер-министрі:

- Екіжақты серіктестікті жаңа стратегиялық деңгейге көтеру үкіметтеріміз бен халықтарымыздың арасындағы ынтымақтастыққа жол ашады. Сізге Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдағаныңыз үшін алғыс айтамын. Сондай-ақ біз Қазақстанмен саяси диалог болсын, институционалдық және үкіметтік алмасулар болсын, түрлі деңгейдегі тығыз ықпалдастықты жоғары бағалаймыз. Мұның бәрі қарым-қатынасымызды ілгерілете түседі.

Тараптар тасымал бағытына да ерекше назар аударып отыр. Транскаспий халықаралық көлік бағдарысыз тасымалды елестету мүмкін емес. Бұл бағыт екі елге де қыруар табыс түсіруге қауқарлы. Соңғы бес жылда тасымал көлемі 3,5 есе өскен. 2029 жылға қарай Орта дәліз арқылы қатынайтын контейнерлік пойыз 3 мыңға жетеді деп күтілуде. Енді Қазақстан Батуми портынан бөлек, Грузияның басқа да теңіз айлақтарына кіруге ниет білдіріп отыр. Былтыр Поти портында жаңа мультимодальді терминал ашылды. Осы ретте тараптар, контейнерлік тасымал көлемін кеңейтіп, тариф саясатын үйлестіруге келісті. Мұнай жеткізу ісін де ілгерілеткісі келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекеттеріміз энергетика секторында табысты ынтымақтастықты жолға қойды. Біз Баку-Тбилиси-Джейхан құбырымен мұнай тасымалы көлемін ұлғайтуға ниеттіміз.

Келіссөз қорытындысы бойынша Стратегиялық серіктестік орнату жөніндегі бірлескен мәлімдеме қабылданып, делегация мүшелері 3 құжатпен алмасты. Мәдениет, туризм, спорт, цифрландыру және жасанды интеллект салалары қамтылған. Соңғысына арнайы тоқталайық. Екі ел цифрлық үкімет, онлайн мемлекеттік қызметтер және GovTech шешімдер бағытында тәжірибе алмасуға дайын. Қазақстан Грузия стартаптары мен технологиялық компанияларының Astana Hub бағдарламасына және аймақтық технологиялық бастамаларға қатысуын құптайды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz