RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбе облысының 8 мектебінде күрделі жөндеу жүріп жатыр

30.06.2026, 08:09 45

Ақтөбе облысында мектептердің инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарлама жүзеге асып жатыр.

Жыл соңына дейін 8 білім беру мекемесінде күрделі жөндеу жүргізуге 3,5 миллиард теңге бөлінді. Жалпы таяу үш жылда өңірде реновация бағдарламасы бойынша 24 мектеп жөнделіп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Ақтөбенің ескі бөлігіндегі мына білім ордасы 70 жыл бұрын бой көтерген. Соңғы рет 2012 жылы ғимараттың есік-терезелері мен жылу жүйесі ауыстырылған екен. Бұл жолы мектеп реновация бағдарламасы аясында толықтай жаңартылмақ.

Эльмира Неталина, №22 орта мектептің директоры:

- Мектеп ғимаратының қасбеті, шатыры, электр жүйесі мен кәріз жүйесі, су құбырлары, есік-терезелері ауыстырылып, түгелдей жөнделеді. Сонымен қатар материалдық-техникалық база да толықтай жаңартылады. Оқу кабинеттеріне заманауи құрал-жабдық сатып аламыз. 

Номері 17-ші мектеп-гимназиясы да реновация бағдарламасына енген. Оған күрделі жөндеу жүргізуге облыстық бюджеттен 312 млн теңге бөлінді. Тағы 60 млн теңге заманауи құралдар мен жихаз жабдығына жұмсалады. 

Ерлан Құсайынов, құрылыс учаскесінің бастығы:

- Қазіргі күнге ғимараттың қасбетінің 70 пайызын, төбесіндегі жұмсақ төсендінің 90 пайызын жауып үлгердік. Бұдан кейін желдеткіш шахтасын ауыстырамыз. Келісім бойынша жұмысты 12 шілдеде аяқтауымыз керек. Уақыт жеткілікті, ауа райы кедергі болмаса, бәрін дер кезінде бітіреміз деп отырмыз. 

Алдағы үш жыл ішінде реновация бағдарламасының аясында облыс бойынша 24 білім ордасында күрделі жөндеу жүргізіледі.

Бұлбұл Күзембаева, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Соның ішінде  2025 жылы 7 мектеп бұл бағдарлама аясында толық күрделі жөндеуден өткізілді және материалдық техникалық базасы толық жаңартылды. Оған жергілікті бюджеттен 3 млрд теңге қаражат жұмсалды. Оның біреуі Әйтеке би ауданында, Хромтау ауданында екі мектеп, Мұғалжар ауданында бір мектеп және Ақтөбе қаласында үш мектеп. Биылғы жылы енді сегіз мектеп жоспарланған болатын, оған 3,5 млрд теңге қаражат қарастырылды.

Биыл 4 мыңнан астам оқушы жаңартылған мектептердің партасына отырады. «Бұл оқушылар үшін қолайлы жағдай жасап, білім сапасына игі ықпал етері сөзсіз», дейді педагогтар. Ал келесі жылы тағы 9 мектеп жаңғыртудан өтеді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz