RU
Толық нұсқаға өту
Фото:Ақорда

Әлеуметтік желіні тәнті еткен қылаңбоз бие Ақжан туралы не білеміз?

30.06.2026, 14:18 61

Астанада жаңа бейресми символ ретінде Ақжан есімді қылаңбоз бие атала бастады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атқорасында өсіріліп жатқан сирек түсті жылқы өзінің көркем бітімімен әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударып, елорданың мәдени бейнесімен сабақтаса түсті, деп хабарлайды «24KZ».

Ақжандай қылаңбоз түкті жылқы Ақалтеке тұқымының өз ішінде 3 пайызға жетпейді. 2025 жылдың 30 наурызында туған жылқының сұлу төлі түгінің түсімен ертегі тұлпарларын еске салады.

Қазақ дүниетанымында мұндай сирек түсті жылқылар ежелден-ақ ақжолтайлық пен жақсылықтың нышаны ретінде қабылданған. Ақжанның қылаңбоз бейнесі де осы символикалық түсініктермен астасып, көпшілік назарын өзіне аударып отыр.

Ақжан бейнесі тек эстетикалық құбылыс ретінде ғана емес, қалалық мәдениет пен заманауи құндылықтарды бейнелейтін символ ретінде де қарастырылып жүр. Бұл жөнінде урбанист Әдия Қарсыбек былай дейді:

 Астана халқын тынымсыз тіршілік мүдделері ғана емес, тарих, дәстүр сияқты эмоциялық байланыстар да біріктіре алу керек. Мұндай байланыс қалаға бауыр басып үлгерген адамдардың ықыласын баянды ете түседі.

Сарапшылардың пікірінше, әлемдік мегаполистер тәжірибесінде бейресми символдардың қалыптасуы жиі кездеседі. Мұндай символдар көбіне әкімшілік деңгейде емес, қоғамның өз ішінде табиғи түрде пайда болады.

Ақжан бейнесі әлеуметтік желілер арқылы кең таралып, елорданың заманауи келбетімен ұштасып жатқан ерекше мәдени феномен ретінде сипатталуда. Ол тек жылқы бейнесі ғана емес, тазалық, жауапкершілік және рухани үйлесім секілді ұғымдардың метафорасына айналып отыр.

Адамға өзі мекен еткен кеңістіктің құндылықтарын түсіну, сезіну маңызды. Символдардың мәні осында. Ұжымдық жады мәдениеттің бастауында тұр. Қаланы сүйікті қылатын зәулім де сәнді ғимараттар ғана емес, жарқын естеліктер мен әдемі бейнелер, ақиқатқа бергісіз аңыздар,  — дейді Әдия Қарсыбек.

Қазақ дүниетанымында жылқы еркіндік пен жауапкершіліктің символы ретінде ерекше орын алады. Бұл ұғым Ақжан бейнесі арқылы қазіргі қалалық мәдениетпен сабақтасып отыр. Қазақтың атбегілік дәстүрі жылқыны тек еркіндік нышаны емес, тәртіп пен үйлесімнің көрінісі ретінде қарастырғаны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Ақжан бейнесі еркіндік пен жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті бейнелейді.

Сарапшылардың пікірінше, Ақжан бейнесі уақыт өте келе Астана туралы қоғамдық қабылдаудағы бейресми символдардың біріне айналуы мүмкін. Оның айналасындағы қызығушылық өткенге құрмет пен болашаққа үмітті қатар ұштастыратын мәдени код ретінде бағалануда.

Түйіндей айтқанда, Ақжанның қылаңбоз бейнесі – өткеннің рухы мен келешектің үмітін жалғайтын символикалық көпір.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz