Шілде айынан бастап Қазақстанда бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енеді. Жаңа Конституция қолданысқа енгізіліп, құрылыс саласындағы жаңа нормалар іске асады. Сондай-ақ бірыңғай банкаралық QR жүйесі іске қосылып, әскерге шақыру және көлік жүргізушілеріне қатысты бірқатар мемлекеттік қызмет цифрлық форматқа көшеді, деп хабарлайды «24KZ».
Жаңа Конституция күшіне енеді
1 шілдеден бастап республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ресми түрде қолданысқа енгізіледі. Осыған байланысты 1995 жылғы Конституцияның күші жойылады.
Жаңа Негізгі заңның кіріспесінде Қазақстанның унитарлық мемлекет екені, шекарасының мызғымастығы, аумақтық тұтастығы және заң үстемдігі басты қағидаттар ретінде бекітілген.
Сонымен қатар халық мемлекеттің билік көзі болып қала беретіні нақтыланды.
Конституцияға сәйкес елімізде 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент – Құрылтай құрылады. Сондай-ақ вице-президент лауазымы енгізіліп, Президент тапсырмасымен бірқатар өкілеттіктерді жүзеге асырады. Бұдан бөлек, халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган – Халық кеңесі жұмыс істейді.
Жаңа Құрылыс кодексі қолданысқа енгізіледі
1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Құжат құрылыс сапасын арттыруға, мемлекеттік бақылауды күшейтуге және қауіпсіздік талаптарын жаңартуға бағытталған.
Енді барлық қала құрылысы жобалары, оның ішінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары міндетті сараптамадан өтеді. Мұндай жобаларға өзгеріс екі жылда бір реттен жиі енгізілмейді.
Сондай-ақ әрбір құрылыс нысанына бірегей сәйкестендіру нөмірі беріледі. Құрылыстың жүзеге асырылуы мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған жүйесі арқылы бақыланады.
Кодексте сейсмикалық қауіпсіздікке ерекше назар аударылған. Сейсмикалық тәуекелдерді бағалау, заманауи қорғаныс технологияларын пайдалану және қауіпті аймақтардағы құрылыс талаптарын күшейту көзделген.
Қала құрылысы ережелері өзгереді
1 шілдеден бастап бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеудің жаңа тәртібі күшіне енеді.
Енді бас жоспарларды әзірлеу мен түзету тек жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Ал кейбір егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының шығынын инвестор өз мойнына ала алады.
Қоғамдық талқылауларға да жаңа талаптар енгізілді. Жергілікті атқарушы органдар арнайы интернет-бөлім ашып, ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, ашық кездесулер өткізуге міндетті. Талқылауға кемінде 50 адам қатысса, ол өткен болып есептеледі.
Сонымен қатар жобаларды әзірлеу кезінде елді мекендердің дизайн-коды, сәулеттік келбеті, ғимараттардың қабаттылығы мен түсі, сондай-ақ сел, көшкін және сейсмикалық қауіптер ескеріледі.
19 шілдеден бастап бірыңғай QR іске қосылады
19 шілдеден бастап қазақстандықтар бірыңғай банкаралық QR-код арқылы төлем жасай алады.
Жүйе түрлі банктердің клиенттеріне телефон нөмірі арқылы ақша аударуға және QR-код көмегімен тауарлар мен қызметтердің ақысын төлеуге мүмкіндік береді.
Білім гранттарына құжат қабылдау басталады
13–20 шілде аралығында талапкерлер білім гранттары конкурсына қатысу үшін құжат тапсыра алады.
Өтініштер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы да, eGov порталы арқылы онлайн да қабылданады.
Конкурсқа қатысу үшін жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, 3×4 фотосурет, мектеп аттестаты немесе колледж дипломы, сондай-ақ жеңілдік санатына жататынын растайтын құжаттар қажет.
Ал «Ұшу аппараттары мен қозғалтқыштарын ұшуда пайдалану» мамандығына түсушілер дәрігерлік-ұшу сараптамалық комиссиясынан медициналық тексеруден өтуі тиіс.
Ресейге кірудің жаңа тәртібі енгізіледі
1 шілдеден бастап Ресейге жұмыс істеу немесе білім алу мақсатында баратын Қазақстан азаматтарына жаңа талаптар қойылады.
Енді шетел азаматтары "Gosuslugi RuID" мобильді қосымшасына алдын ала тіркеліп, шекарадан өтуден кемінде 72 сағат бұрын электронды өтініш беруі қажет.
Өтініш мақұлданғаннан кейін жүйе кіруге рұқсат берілгенін растайтын жеке цифрлық код қалыптастырады.
Әскерге шақыру цифрлық форматқа көшеді
4 шілдеден бастап Қазақстанда әскерге шақыруды ұйымдастырудың жаңа цифрлық тәртібі күшіне енеді.
Қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдер әскерге шақырылушылар туралы мәліметтерді мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы алады. Сондай-ақ медициналық тексеру нәтижелері мен басқа да мәліметтер цифрлық форматтағы есептік карталарда сақталады.
Ал 12 шілдеден бастап шақыру комиссияларының медициналық тексеру қорытындысы бойынша қабылдаған шешімдері электронды түрде рәсімделіп, электрондық цифрлық қолтаңбамен бекітіледі.
ІІМ цифрлық реформасы: жүргізушілерге арналған жаңалықтар
12 шілдеден бастап көлік жүргізушілеріне қатысты бірқатар жаңа норма күшіне енеді.
Енді жүргізуші куәлігіне арналған емтиханды автоматты беріліс қорабы бар көлікпен тапсырған азаматтар қайта емтихан тапсырмай-ақ механикалық беріліс қорабы бар автокөлікті басқара алады.
Сондай-ақ автокөлікті сатып алу-сату мәмілесін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы eGov порталы немесе банк мобильді қосымшалары арқылы қашықтан рәсімдеуге мүмкіндік беріледі.
Бұдан бөлек, көліктерді полицияның тексеру процесі цифрландырылады. Инспекторлар көліктің VIN-кодын фотоға түсіріп, тексеру нәтижесін электронды актімен рәсімдейді. Бұл акт 14 күнтізбелік күн бойы жарамды болады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #1шілде #Жаңа Конституция #өзгерістерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz