RU
Толық нұсқаға өту
Фото: threads.com/@angelina.kirillovskaya

«Судан жұқты ма?»: Бурабайда демалған отбасы тері ауруына шалдықты

30.06.2026, 17:38 33

Бурабай көлдерінде демалған бір отбасы шомылғаннан кейін тері ауруына шалдыққанын айтып, дабыл қақты. Олардың бірнеше мүшесінде буллезді дерматит белгілері байқалып, қазір дәрігерлердің бақылауында ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды «24KZ».

stan.kz мәліметіне сәйкес, әлеуметтік желіде Ангелина есімді келіншек Бурабай көлдерінде демалуды жоспарлап жүргендерді сақ болуға шақырады. Оның айтуынша, қолында медициналық қорытындылар бар. Алайда аурудың нақты судан жұққанын айта алмайды. Дегенмен бірнеше адамның бір уақытта ауыруы күмән тудырғанын жеткізген. Ауру белгілері демалыстан кейін 1–3 күннен кейін пайда болған.

«Ұлым қатты зардап шекті. Сондай-ақ ұқсас белгілер анамда, әкемде және әжемде де байқалды. Анам Үлкен Шабақты көліне ғана шомылды, Бурабай көліне мүлде түскен жоқ. Бұл жерде мәселе белгілі бір орында немесе бір адамда емес. Бала киіммен жүрді, суға жалаңаш түскен жоқ. "Судан болды" деп те нақты айта алмаймын. Бірақ бірнеше адамның бір уақытта ауырып қалуы ойландырды», – деп жазды ол.

Осы жағдайдан кейін дерматологтар ашық су айдындарында жұғуы мүмкін тері инфекциялары туралы ескерту жасады.

Мамандардың түсіндіруінше, буллезді импетиго – көбіне алтын түстес стафилококк қоздыратын бактериялық тері инфекциясы. Кей жағдайда аурудың себебі стрептококк та болуы мүмкін. Ауру кезінде теріде сұйықтыққа толы көпіршіктер пайда болып, олар жарылғаннан кейін қабынған ошақтар қалыптасады.

Дерматологтардың айтуынша, буллезді импетиго сияқты бактериялық инфекциялар ыстық әрі ылғалды ортада тез көбейеді.

Дәрігерлер шомылғаннан кейін тері жұмсарып, оның қорғаныш қабаты әлсірейтінін, ал ұсақ жарақаттар арқылы инфекцияның оңай енуі мүмкін екенін айтады. Сондықтан ашық су айдындарында шомылғаннан кейін міндетті түрде таза сумен шайынып, жеке гигиена талаптарын сақтау қажет.

Мамандар аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда уақыт оздырмай дәрігерге қаралуға кеңес береді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz