Атырауда көп қабатты үйдің тұрғындарын жапсарлас салынған нысан құрылысы алаңдатып отыр.
Өйткені қосымша құрылыс жүргізілуі салдарынан үй қабырғаларында жарықтар пайда бола бастаған. Бұған қоса ауыз су мен кәріз жүйесіне арналған құдықтар қараусыз қалып отыр. Мәселенің мән-жайы неде?
«Авангард-3» ықшам ауданындағы кәуапхананың жұмысына 42-үйдің тұрғындары көптен наразы. Себебі тамақтану орнының маңайы санитарлық талаптарға сай емес, дейді тұрғындар.
Евгения Урсаке, үй тұрғыны:
- Осы мейрамхананың кесірінен тышқандар қаптайды. Жапсаржай біздің тереземізге таяу тұр. Кез келген адам өрмелеп шығуы мүмкін. Жан-жағы шашылып жатады. Кәуаптың иісі терезеден үйге кіреді. Ғимараттың артқы жағын жауып тастады. Салдарынан барлық көлік осы араға шоғырланады. Оның орнына бізге балалар алаңын салып берсе дейміз.
1990 жылдың аяғына дейін жұмыс істеп келген азық-түлік дүкені жекеге өткелі Авангард тұрғындарынан маза қашқан. Ғимарат «Мұнай-Білім» мекемесіне қарайды. Бірақ мекеме оны шағын кәсіп иелеріне жалға берген. Ал жауапты тұлғалардан білгеніміз жапсаржайдың құжаты сәулет бөліміне тіркелмеген болып шықты.
Сырымбек Қырғи, қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі:
- 42-үйдің аумағындағы жалғама құрылыстар бойынша жалғама құрылысқа сәулетшілдердің тапсырмасы немесе эскиздік жобасының келісілгені туралы ақпарат тіркелмеген, бүгінгі күні. Осыған байланысты құрылыстың заңдылығын тексеру керек. Тексеруші орган Атырау облыстық мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасына хат жолданады.
Бізге хабарласқан тұрғындардың тағы бір шағымы ашық жатқан құдықтарға қатысты болатын. Ол мәселе бүгін шешімін тапты. Атырау облысы су арнасының жұмысшылары біздің көзімізше қақпағын жауып кетті. Авангард ықшам ауданындағы пәтер иелері кооперативінің төрағасынан білгеніміз – кәуапхананың ашылғанына 10 жылдан асқан. Бірақ сауда нүктесі тек маусымдық және кешкі мезгілде ғана жұмыс істейді. Соған қарамастан кәсіпкер жыл сайын ғимараттың аумағын кеңейте берген.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Қалалық әкімдіктен бігеніміз мына құрылыстың өзі заңсыз салынған көрінеді. Себебі ол кәсіпкерге абаттандыру үшін берілген аумақ болып шықты. Енді әкімдік оны бұздырамыз деп сендірді.
Біз ғимарат иесінен де пікір алуға тырыстық. Алайда оны анықтау әзірге мүмкін болмады. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, нысан иесін іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай-ақ жауапты органдардың мәліметінше, тексеру аяқталғанға дейін кәуапхананың қызметі тоқтатылатын болды. Ал жапсарлас құрылыстың заңдылығына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құқықтық баға береді. Тексеру қорытындысына сәйкес тиісті шешім қабылданады.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #Атырау #жапсарлас нысан #құрылысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz