RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-дағы Ақсай қаласының теміржол вокзалы жаңартылды

30.06.2026, 21:24 93

Бүгін Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында қайта жаңғыртылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді.

Ғимараттың іші-сырты ғана жөнделіп қоймай, 2 перрон мен вокзал маңындағы көпір қалпына келтірілді, барлық инфрақұрылымдық желілер жаңартылды. Өңірде жалпы алғанда 4 теміржол бекетінде жөндеу жұмыстары аяқталды.

Ақсай қаласы қазыналы Қарашығанақ кенішінің іргесінде орналасқан 35 мыңдай тұрғыны бар шағын шаһар. Станциядағы теміржол бекеті 90 жыл бұрын салыныпты. Соңғы жарты ғасырда жібі түзу жөндеу көрмеген ғимарат кейінгі жылдары тіпті тозып кеткен еді. Енді күрделі жөндеуден кейін айнадай жарқырап, жолаушыларға қызмет көрсетуді бастады. Станциядан тәулігіне 300 жолаушы сапар шегеді.

Ұлмекен Мерманова, Ақсай қаласының тұрғыны:

- Мына вокзал енді кезінде деген кішкентай болды. Сондай қараңғы. Енді қазір деген жарқырап, перрондарын дұрыстады. Бөлме әзірлеп қойды арналған, мүгедектерге арналған бөлме. Барлық жерде терезелер, сондай жақсы. Анықтамада, кассада, бұнда кішкентай-кішкентай ғана нелер болған. Қазір деген жарқырап, жайнап тұр ғой. 

Ақсайлықтарды теміржол бекетінің ашылуымен құттықтаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірде 4 теміржол бекетінің жаңғыртылғанын, оның ішінде Семиглавый Мар мен Шыңғырлау вокзалдарының толықтай қайта салынғанын атап өтті.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көлік-инфрақұрылымдық кешенді дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, елімізде тәуелсіздік жылдарында алғаш рет теміржол вокзалдарын кең ауқымды жаңғырту бағдарламасы қолға алынды. Міне бүгін біз Ақсай қаласындағы 90 жылдық тарихы бар, қиырды жақындатқан «Қазақстан» бекетінің күрделі жөндеуден кейінгі салтанатты ашылуына куә болып отырмыз.

Қайта жаңғырту жұмыстары аясында тек вокзал ғимаратының іші-сырты жаңартылып қоймай, 1 және 2 жолдағы перрондар жөнделіпті, вокзал маңындағы көпір қалпына келтірілген, алдындағы алаң да қоса абаттандырылған.

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz