RU
Толық нұсқаға өту

Смарт-көзілдірікпен видео түсіру заңды ма?

01.07.2026, 07:10 33

Қазір кез келген оқиғаны, қас-қағым сәтті видеоға түсіріп, демде жария етіп жатыр жұрт. Мүмкіндік жеткілікті. Еңкейген қарт, тәй-тәй басқан бүлдіршінге дейін смартфон ұстайды.

Бірақ кез келген дүниені түсіріп, жарияға шығара беруге болмайды. Жауапкершілік бар. Бірақ мұндайда жасырын камера ұстап, болмаса оңтайлы сәтті күтетіндер де табылады. Смарт-көзілдірік осындайлар үшін таптырмас амал. Енді бұлардың ісі қаншалықты заңды? Оларға тосқауыл бола ма? Заң не дейді?

Нарықта смарт-көзілдірікке сұраныс күрт артты. Тұтынушылар мұндағы камера үшін сатып алып жатыр. Сөйтіп түрлі видеолар түсіріп, әлеуметтік желіге жүктейді. Алайда оны қолдану талаптарын көбі біле бермейді. Рұқсатсыз түсірілген видео үшін жауапқа тартылуыңыз мүмкін.

Камера, штатив және қосалқы бөлшектер салынған ауыр сөмкені енді бір ғана смарт-көзілдірік алмастыра бастады. Өйткені алып жүру де, таспаға түсіру де оңай. Бірақ блогерлерді қызықтырған ең басты себеп бұл ғана емес. Олар кез келген жерде байқатпай видео түсіруге ниетті. Сол арқылы контентін дамытқысы келеді.

Асылхан Нарегеев, контентмейкер:

- Сұраныс өте жақсы. Себебі қазір контентмейкер, блогерлердің көбінде осы көзілдірік бар. Соның арқасында қазір сұраныс өте жоғары деп ойлаймын. Сол жағында жарықшамы бар. Заң жүзінде болу керек. Себебі сырттағы адамдарды түсіруге болмайды. Негізі рұқсатпен болу керек.

Контент түсіру үшін құқықтық сауат керек. Өйткені азаматтарды таспалап, материалды рұқсатсыз жариялауға ешкімнің қақы жоқ. Әсіресе, пранк жасаймын деп келемеж қылғандар жеңіл жазамен құтылмайды. Бұл смарт-көзілдірікке ғана емес, барлық камера түріне қатысты. Алдымен Азаматтық кодекске тоқталайық. Адамды жасырын видеоға түсіріп, абыройына нұқсан келтіргендер моральдық шығынды өтейді.

Нұрсұлтан Орынбеков, заңгер:

- Азамат өзі маған осынша моральдік шығын келтірілді, осыншаға емделдім, осынша психологқа қаралдым, дәлелдеме-деректер бар деп белгілеуі мүмкін.  Жай ғана адамның ұялу, қымсыну, өзін жайсыз сезінуін өзі бағалауы мүмкін,  мәселен 10-1 млн деп. Одан бөлек әкімшілік шығындар, сот шығындары деген болады. Ол жерде заңгерге жүгінген, мемлекетке төленген баж салығы бар, соның барлығы жауапгерден өндірілетін болады.

Ал азаматтың жеке құпиясын жариялағандардың жазасы тіптен ауыр. Оларға қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін.

Нұрсұлтан Орынбеков, заңгер:

- Адамның жеке құпиясын сақтайтын материалдарды заңсыз жинау, оны тарату секілді әрекеттер Қылмыстық Кодекстің 147-бабы 2-бөлімімен сараланып, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылады. Ол жерде смарт-көзілдірік, смарт-сағат, телефон деп қарамаймыз. Бұл жерде қылмыстың құрамына қарау керек.

Смарт-көзілдірік, смарт-сағат сияқты заманауи бұйымдарды қолдануға тыйым жоқ. Тауарды кез келген адам сатып ала алады. Бірақ, өзімдікі деп оңды-солды видео түсіруге тағы болмайды. Осыны есте сақтаңыз. Заң солай дейді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Медет Куанышбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz