Бурабай ауылында 2 көпқабатты үйді күтіп ұстау мен басқару тарифі екі есе қымбаттап кеткен.
Қызмет көрсететін компания өкілдерінің шешіміне тұрғындар қарсы. Бірінші маусымға дейін жергілікті жұрт әр шаршы метрге 425 теңгеден төлесе, қазір бұл баға 706 теңгеге жетті.
Бурабайдың орталығында орналасқан мына қос үйді «BI Group» компаниясы салды. Қазір мұнда 130 отбасы тұрады. Тұрғын үйлер 2019-2020 жылдары пайдалануға берілді. Сол уақыттан бері үйді күтіп ұстау және басқару ісімен «BI Group» айналысады. Бірақ, осы айдан бастап компанияның сервистік қызметі тарифты қымбаттатып жіберген. Бұл бағаны негізсіз өсіру, - дейді қалтасына салмақ түскен тұрғындар.
Анар Иманбаева, Бурабай ауылының тұрғыны:
- Менің пәтерімнің аумағы 85 шаршы метр. Мен осы уақытқа дейін 37 мың теңге төлейтінмін. Ал осы айда маған 58 мың теңге шықты. Сонда жылына 700 мың теңге төлеуім керек. Бұл біз үшін өте қымбат.
Ал компания өкілдері тұрғындармен алдын ала кездесіп, келісімге келдік, -деп сендіріп отыр. Алайда жиынның өтетінінен көп тұрғын білмей қалдық дейді.
Еркін Төлепов, Бурабай ауылының тұрғыны:
- Басқару компанияның тұрғындарды жинап, кезектен тыс жиналыс өткізуі заңсыз деп есептеймін. Ол жерде көп тұрғын болған жоқ. Олар жиналған халықты үгіттеп, көндіріп, тіпті қол жинап алған. Бірақ біз бұл шешімге түбегейлі қарсымыз.
Жалпы екі үйді күтіп ұстауға 20-ға жуық адам жауапты. Бірі тәулік бойы күзет қызметінде тұрса, енді бірі көгалдандыру және тазалық жұмыстарымен айналысады. Компания өкілдері осындай шығындарды алға тартып, тарифті көтеруге мәжбүр болдық деген уәж айтты.
Петр Мирошниченко, Тұрғын үйді басқару компаниясының менеджері:
- Бағаның өсуіне бірінші кезекте инфляция себеп болып отыр. Өйткені қазір барлығы қымбаттап кетті. Оның үстіне біз қызметкерлеріміздің жалақысын көтердік. Қазір мұнда күзетші, электрик деген мамандарды қосқанда 20-ға жуық маман жұмыс істейді. Жалпы бір жылда осы қос үйді күтіп ұстауға шамамен 36 млн теңге жұмсалады.
Бір қызығы, Бурабайдағы басқа компаниялар қызмет көрсететін үйлерде тариф тұрақты, -дейді жергілікті билік өкілдері. Әрі жеке құрылыс компаниясының тариф саясатына араласа алмайтындарын айтады.
Ержан Қапенов, Бурабай аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
- Қазіргі уақытта ауылдағы басқа тұрғын үйлерді күтіп ұстауға арналған тариф бағасы көтерілген жоқ. Барлық мәселе тек «BI Group» компаниясы салған осы қос үйге қатысты ғана болып тұр. Бірақ біз бұған арала алмаймыз. Тұрғындар мен компания өкілдері өзара бір шешімге келуі керек.
Нариман Шашдәулет, Астана қаласының тұрғыны:
- Біздің көбіміз мұнда тұрмаймыз. Айына бір-екі рет келіп демалып кетеміз. Сондықтан біз басқарушысы компанияның көмегіне көп жүгіне бермейміз. Бірақ, олар мұны ескеріп жатқан жоқ.
Тұрғындар мен «BI Group» компаниясы өзара бір келісімге келмесе, екі үйдің тұрғындары жаңа басқару компаниясын қарастырмақ.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Бурабай #тұрғын үйPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz