Алматыда атауы жоқ 150-ден астам көшеге жаңа атау беріледі. Тиісті қаулыны қала әкімдігі қабылдап, мәслихат бекітті, деп хабарлайды «24KZ».
Құжатқа сәйкес, көшелерге мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, ақын-жазушылардың, спорт және мәдениет өкілдерінің есімдері, сондай-ақ тарихи-географиялық атаулар берілмек.
Жаңа атаулардың қатарында Денис Тен, Әбдуәли Қайдар, Рәбиға Сыздық, Қайым Мұхамедханов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Наталья Сац, Сұлтан Жиенбаев, Мұзафар Әлімбаев, Карл Байпақов, Анатолий Храпатый, Сабыр Мәмбеев, Әмен Қайдаров сынды танымал тұлғалардың есімдері бар.
Мәселен, Бостандық ауданындағы «Архат» шағынауданындағы 7-көше Денис Теннің атымен аталса, Әуезов ауданындағы бірнеше көшеге Әбдуәли Қайдар, Рәбиға Сыздық, Шора Сарыбаев және Наталья Сацтың есімі беріледі. Ал Алатау ауданындағы көшелердің біріне Қайым Мұхамедхановтың, енді біріне Сұлтан Жиенбаевтың, тағы біріне Хо Ши Миннің есімі берілмек.
Сондай-ақ жаңа көшелерге Баласағұн, Семей, Жаңаөзен, Қорғас, Шардара, Кеген, Жетісай, Мақтаарал, Сайрам, Ақжайлау, Бозжыра, Имантау, Үшарал сияқты географиялық атаулар және Ерлік, Парыз, Ғұлама, Байрақ, Сұңқар, Құдірет секілді мазмұндық атаулар беріледі.
Жаңа атаулар Алатау, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандарындағы атауы жоқ көшелерге қатысты.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #көше #Денис Тен #Сыздық #НұрпейісовPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz