Еліміздің жаңа Конституциясына арналған пошта маркасы айналымға енді. Маркаға мөр басу салтанатты іс-шарасына Ата заңның мәтінін әзірлеуге атсалысқан комиссия мүшелері қатысты.
Рәсімнен кейін Конституциялық сотта ғылыми-практикалық конференция өтіп, онда жаңа Конституцияның арнайы басылымы таныстырылды.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа кезеңі айрықша рәсімдермен басталды. Ел дамуының құқықтық қазығына айналатын Ата заңның құрметіне арнайы пошта маркасы шықты. Оның таралымы – 3 мың дана. Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Әзімова мен «Қазпошта» басшысы Бекежан Жәкеев жаңа маркаға салтанатты түрде мөр басты. Енді бұл бірегей белгі ресми түрде қолданысқа енді.
Бекежан Жәкеев, «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы
- Біз Жаңа Конституцияға арналған марканы айналымға енгіздік. Бұл марка жаңа реформалар, жаңа бастамалардың символы десек болады. Енді ол күнделікті қолданылады.
Осыдан кейін Ата заңның арнайы басылымының тұсау кесу рәсімі өтті.
Ғалымдар, заңгерлер мен саясаттанушылар жаңа Конституцияның ел болашағы үшін маңызын саралады. Әсіресе азаматтардың заң алдындағы теңдігі, адам құқығын қорғау және тәуелсіздіктің кепілі ретіндегі рөлі сөз болды. Мемлекеттің басты құжатында бұрын-соңды болмаған тарихи өзгерістер бар.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі:
- Конституцияда бірлік пен елдік Преамбулаға енгізілді. Тәуелсіздікті алу бар да, тәуелсіздікті сақтап қалу деген дүние бар. Ол үшін ең алдымен мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету керек. Ол тек қана бірліктің арқасында болуы мүмкін. Тәуелсіздікті дамытып, болашақ ұрпақтың қолына беру ең үлкен міндет Конституцияға енгізілген.
Жаңа құжатта елдің ішкі тұрақтылығымен қатар, халықаралық аренадағы беделі де шегеленген. Қазақстан өзінің сыртқы саяси ұстанымдары мен бұған дейін қабылданған әлемдік келісімдерге адал болып қала береді.
Қайрат Сарыбай, АӨСШК Бас хатшысы:
- Ата заңда Қазақстанның бұрыннан жасасқан құқықтық шарт немесе келісімдердің барлығы өзінің күшін сақтап жатыр. Бұл – ерекше маңызды дүние. Өйткені Қазақстан осы күнге дейін халықаралық қауымдастықта беделді және сөзіне берік мемлекет ретінде қалыптасты. Сондықтан да қол жеткізген уағдаластықтың орындалуы бұл еліміздің беделіне ғана емес, экономикалық жүйемізге де оңтайлы әсерін тигізеді деп ойлаймын.
Заман ағымына сай цифрлық құқықтар мен инновацияны дамыту мәселесі де Конституция деңгейінде бекітілді. Бұл еліміздің технологиялық трендтерден қалыс қалмайтынын білдіреді.
Ерқанат Көпжасарұлы, Конституциялық комиссияның мүшесі:
- Көп жылдан бері заң,білім, инновация үшінші, тіпті төртінші, бесінші орында қалып келе жатты. Жаңа Конституцияда бұл нақты таңбаланып, шегеленіп, көрініс тауып отыр. Әлемнің жетекші елдерін дамытқан ешқандай табиғи байлық емес, оның барлығы – инновация, ғылым. Біз өздеріңіз білесіздер, цифрландыру бойынша 25 жетекші мемлекет қатарындамыз. Оның Конституцияда көрініс табуы алдағы уақытта мемлекеттік саясат осы бағытта жүретінін білдіреді.
Алқалы жиынның соңында Президент атынан маңызды миссия атқарылды. Ата заңның мәтінін жазуға, оны сараптауға атсалысқан комиссияның 59 мүшесіне Мемлекет басшысының алғыс хаттары табысталды.
Дариға Ташенова, тілші:
- Жаңа Конституция – жай ғана заңдар жинағы емес. Бұл – әділетті қоғам құру мен әр азаматтың құқығын қорғаудың жаңа тетігі. Ендігі басты міндет – Ата заңның әрбір тармағының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету. Сонда қазақстандықтар реформалардың жемісін сезіне алатыны сөзсіз.
Авторлары: Дариға Ташенова, Мадияр Қындыбаев, Жандос Битабаров
Тегтер #Жаңа Конституция #пошта #марка #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz