RU
Толық нұсқаға өту

Ата заңдағы басты өзгерістер қандай?

01.07.2026, 16:23 35

Бүгіннен бастап күшіне енген Жаңа Конституция 11 бөлімнен, 36 баптан тұрады.

Бақыт Топтаева, тілші:
- Жаңа Конституция мемлекеттік биліктің құрылымын түбегейлі жаңғыртады. Заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің арасындағы ықпалдастық арттырылмақ.

Елеулі өзгерістің бірі – қоспалаталы парламенттің бірпалаталы болып өзгеруі. Жаңарған Ата заңға сәйкес енді заң шығарушы орган міндетін Қазақстан Республикасының Құрылтайы атқарады. Конституцияның төртінші бөлімінде құрылтайдың құқықтық мәртебесі, құрамы, сайлану тәртібі, заң шығару қызметі мен оның өкілеттіктері толыққанды қамтылған.

Жанар Жігітекова, ҚР Әділет министрлігінің заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры:

- Бұл – парламентаризмнің жаңа жүйесі. Ол ең әуелі мемлекетіміздің жалпы құрылымына лайықталған. Айта кетейік, уникамерализм, яғни бір палаталы парламе унитарлы мемлекеттерге тән. Мемлекеттік саяси жүйе мен заң шығушы билікті құруда біз осы жолды таңдап отырмыз. Сонымен қатар қоғам мен азаматтардың мүддесін мемлекеттік деңгейде қорғау міндеті жаңадан құрылған Қазақстан кеңесіне жүктелетін болады.

Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-
Құрылтайдың өзінде көпшілік біле бермейтін мынадай норма бар. Егер депутаттардың үштен екісі Президентке белгілі бір министрдің өз жұмысын орындай алмай отырғаны туралы ұсыныс жолдаса, заң бойынша Президент ол министрді міндетті түрде қызметінен босатуға тиіс. Бұл – еліміздің тарихында алғаш рет енгізілген норма. Көріп отырғандарыңыздай, енді заң шығарушы билік атқарушы билікті бақылау тетігіне ие болды.

Бақыт Топтаева, тілші:
- Жаңа Конституцияға сәйкес Үкімет ұсынған заң жобасы қабылданбай қалған жағдайда, Премьер-министр Құрылтай алдында Үкіметке сенім білдіру мәселесін көтере алады. Егер депутаттардың басым бөлігі Үкіметке сенімсіздік білдірмесе, онда заң жобасы дауысқа салынбай-ақ қабылданған болып есептеледі. Алайда Үкімет бұл тетікті жылына екі реттен артық пайдалана алмайды. Жалпы конституциялық реформалардың негізгі мақсаттарының бірі – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру. Яғни мемлекеттік қызмет халыққа қолайлы әрі тиімді сервистік форматта жұмыс істеуі тиіс.

Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:
- Жеке құқық саласын да түбегейлі жаңғырту қажет. Қолданыстағы Азаматтық кодекс отыз жыл бұрын қабылданған. Яғни цифрлық экономика, электрондық транзакциялар, платформалар арқылы жұмыспен қамту, цифрлық активтер және жасанды интеллект пайда болғанға дейін. Сондықтан экономикалық және технологиялық өзгерісті ескеретін және қоғамдық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті қамтитын, келісімшарттар бостандығын нығайтатын және зияткерлік меншікті қорғауды күшейтетін Азаматтық кодекст жаңа нұсқасын әзірлеу қажет.

Бақыт Топтаева, тілші:
- Жаңа Конституцияда цифрлық құқық мәселесі де айқындалған. Енді қазақстандықтардың жеке бас мәліметтерін қорғау
– Ата заңмен бекітілген құқықтың бірі. Ол үшін әлбетте, цифрлық қатынастарды реттеудің заманауи жүйесін түзу қажет. Онда жасанды интеллект, цифрлық платформалардың жауапкершілігі мен қауіпсіздігі, цифрлық активтердің айналымы секілді негізгі мәселелер қамтылуға тиіс. Заманауи цифрлық құқықты дамытуда Қазақстанның озық мемлекеттердің қатарынан көрінгені абзал. Бұл да елді алға ілгерілутедегі конституциялық бағыт-бағдардың бірі.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Қанат Махмұтов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz