Қарағандыда жаңа Конституцияның күшіне енуіне арналған өңірлік сараптамалық форум өтті.
Алқалы жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, сот жүйесінің мамандары, депутаттар, ғАлымдар мен қоғам белсенділері қатысты. Олар негізгі заңдағы маңызды өзгерістерді және олардың елдің алдағы дамуына ықпалын талқылады.
Өңірлік форумға қатысушылар жаңа Негізгі заңның басты қағидаттарына ерекше назар аударды. Әсіресе Конституцияның мемлекетті нығайтудағы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы, азаматтық қоғамды дамытудағы және отбасылық құндылықтарды сақтаудағы рөлі кеңінен сөз болды.
Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:
- Ата заңның басты құндылығы – адам. Оның өмірі, құқығы, бостандығы, еңбегі мен қадыр-қасиеті. Сондықтан жаңа Конституция біз үшін тек құқықтық құжат емес. Ол әділетті қоғам құрудың, заң үстемдігін орнықтырудың және азаматтардың мемлекетке деген сенімін күшейтудің негізі.
Форумда жаңа Конституцияны іске асырудағы азаматтық қоғам институттарының орны да кеңінен қаралды. Қатысушылардың пікірінше, алдағы өзгерістер қоғамдық келісімді нығайтып, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты кеңейтуге ықпал етуі тиіс. Сонымен қатар қоғамдық және этномәдени бірлестіктердің аймақ өміріне белсенді араласуына жаңа мүмкіндіктер ашылады.
Вилен Молотов-Лучанский, Қарағанды Еврей мәдениеті орталығының төрағасы:
- Біз мемлекеттік, саяси және қоғамдық құрылымның жаңа моделіне қадам басып отырмыз. Бұған дейін тиімділігін көрсеткен барлық институт толыққанды жұмысын жалғастырады. Соның ішінде өңірдегі этномәдени бірлестіктер де бар. Енді олар Қоғамдық кеңестің қызметімен тығыз байланыста болады.
Форум соңында Қарағанды облысының дамуына үлес қосқан қоғам өкілдеріне жаңа Конституцияның арнайы даналары табыс етілді.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сайран Ақамбаев
Тегтер #Жаңа Конституция #Қарағанды #форум
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz