Терроризмге қарсы қорғаныс талаптарын бұзған 263 нысан басшысы жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды «24KZ». Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, терроризм тұрғысынан осал нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. 2026 жылдың алғашқы 5 айында ішкі істер органдары жалпы 2 665 нысанды тексерген. Оның 2 458-і жоспарлы, 207-сі жоспардан тыс жүргізілген.
Тексеру қорытындысы бойынша нысандардың 72%-ы белгіленген талаптарға сәйкес келетіні анықталды. Ал 736 нысанда заң бұзушылықтар тіркеліп, олардың басшыларына кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар берілді.
Сонымен қатар талаптарды сақтамаған 263 нысан басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды. Жалпы айыппұл көлемі 118 миллион теңгеден асты.
Алдын алу шаралары аясында 3,2 мыңнан астам нысан басшысы мен меншік иесіне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 237 мыңнан астам қызметкер оқу-жаттығу іс-шараларымен қамтылды.
Бұдан бөлек, 48 нормативтік нұсқаулық қайта қаралып, объектілерді күзету талаптарын жетілдіруге қатысты ұсыныстар енгізілді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #жауапкершілік #нысан #басшы #терроризмPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz