Биыл елордаға – 28 жыл!
Аз ғана уақыт ішінде сайын даланың төсіндегі шаһар сәулет өнерінің озық үлгілері мен соны технологиясы тоғысқан заманауи мегаполиске айналды. Күн сайын мұнда әлемнің әр түкпірінен келетін саяхатшылардың саны көбеймесе, кеміген емес.
Назым Кенжебай, тілші:
- Астанаға келушілер бұрын қаланың басты символы - Бәйтеректі көруге асығатын. Ал қазір бағыт өзгерді. Әуежайдан түскен бойда жолаушылар бірден «Тарлан-Астанаға» отырып, қаламен танысуды бастайды. Кеттік!
Өйткені бұл жай ғана қоғамдық көлік емес, елорданың жаңа тынысын сезінуге мүмкіндік беретін заманауи туристік маршрут. LRT-ның терезесінен Астана мүлде басқа қырынан ашылады. Көкпен таласқан зәулім ғимараттар қаз-қатар тізіліп, әйнектері күн көзімен шағылысып, қаланың ажарын айшықтап, көркіне көрік қосып келеді.
БЛИЦ
- «Абай облысынан келіп жатырмыз».
- «Қала өте өзгеріп кетіпті, көріп отырмыз. Әдемі ғимарат, ЛРТ жүріп тұр».
- Міне терезеден қараса, өте әдемі. Табиғатты қарап келе жатырмыз баламен.
- «ЛРТ-ға отырған өте ыңғайлы боп тұр бізге».
- «Жылдамдығы тез. Баратын жерге, мне кажется, тез жетуге болады. Өте қолайлы».
- «Мен осы ШҚО өңірінен келіп тұрмын, Өскемен қаласынан.
- «Ең соңғы рет Астанада 2017 жылы болғам. Ол кезде бәрі басқаша болған. Ал қазір өте көптеген өзгерістер жүріпті. Маған қатты ұнап жатыр».
Тың технологиялық шешімдер үйлесім тапқан ЭКСПО қалашығы да туристердің назарын аулайтын басты нысандардың қатарында. Мұндағы «Әлем» шары ғылыми-инновациялық және цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект мүмкіндіктері тоғысқан халықаралық деңгейдегі бірегей орталыққа айналған.
Әнел Құмқай, "ALEM.AI" халықаралық жасанды интеллект орталығының қызметкері:
- Бұл бізде ЭйАй Кон инсталляциясы. Ол келушілермен бірге машина мен адамның арасындағы қарым-қатынасты көрсетеді. Яғни бұл жерде біз жасанды интеллектіге технологиялар мен жасанды интеллект туралы сұрақтар қоя аламыз. Мәселен, жаснады интеллект қалай өмірімізге ықпал етеді, болашақта қалай өзгереді, қанша модельдер бар деген сияқты сұрақтарды қоя отырып, біз өзімізге керек терең жауапты ала аламыз.
Назым Кенжебай, тілші:
- Ал бұл біздегі музей гиды Айла. Бұл тек қана осы музейдің ішіндегі жалпы қойылған инсталляцияларға байланысты, қай жерден нені табуға болады деген сынды сұрақтарға жауап береді. Әзірге орыс және ағылшын тілдерінде, бірақ жуық арада қазақ тілінде де қосылады деген жоспар бар.
- «Астана күннен күнге ғашық қылады. Алматыны енді таулары үшін жақсы көреміз ғой, бірақ Астананы тазалығы үшін, әдемілігі үшін, кең құшағы үшін жақсы көреміз».
Назым Кенжебай, тілші:
- Ал дәл қазір біз ел тарихының алтын қоймасы - Ұлттық музейге келдік. Мұнда сақ дәуірінің құнды жәдігерлерінен бастап тәуелсіз Қазақстанның асыл мұралары жинақталған».
Музей - тарихтың табы тасқа басылып, уақыттың ізі жәдігерге айналған мекен. Өйткені мұндағы әр бұйым өткеннің сырын бүгінге жеткізіп, халқымыздың сан ғасырлық тарихын үнсіз баяндайды. Көшпенділер өркениетінің тұтас тарихы тізбектеліп, ұлттық рух жаңа мазмұнмен жаңғырады.
БЛИЦ
- «15 жыл бұрын келген шығармын. Одан кейін енді өзгеріп кетті ғой. Танымайсың. Әдемі ғимараттары салынды.
- «Астанамыз осылай жылдан жылға көркейе берсін».
- «Астанаға екі немереммен демалуға бірінші рет келіп отырмын. Небәрі екі күн болсақ та бізге қала қатты ұнады. Көшелері қандай кең, ғимараттардың дизайны, сәулеті бірінен бірі өтеді. Керемет!»
- «Бәйтеректе, Абу Дабидың ішінде, ЭКСПО-да болдым. Маған бәрінен де Бәйтерек ұнады».
Тәуелсіз Қазақстанның символына айналған монумент жылдар өтсе де маңызын еш жоғалтқан емес. Заманауи дизайн мен ұлттық нақыш астасқан Орта Азиядағы ең үлкен Бас мешіт те бүгінде сәулет өнерінің жауһары ретінде шетелдік қонақтардың таңдайын қақтырып, таңданысқа бөлеуде.
Назым Кенжебай, тілші:
- Иә, 30 жылға жуық уақыт ішінде Астана сәні мен салтанаты келіскен заманауи шаһарға айналды. Бүгінде елорда әлем назары көз тіккен сәулетті қалалар санатында. Ал оның әр көшесі мен әрбір ғимараты – елдің ертеңге деген сенімінің жарқын көрінісі.
Назым Кенжебай, Ғалымжан Абдылахат
Тегтер #Астана #заманауи технология #мегаполис #Астана күні #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz