Елімізде өндіріс қалдықтарын бақылауға арналған бірыңғай цифрлық платформа іске қосылады.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері бас қалада өткен халықаралық экологиялық форумда осындай мәлімдеме жасады. Түйіні тарқалмаған түйткілдің бірі өндірістік қалдықтарды өңдеу. Неге десеңіз, олардың көлемі мен нақты құрамы әлі күнге дейін белгісіз. Қалдықтарды қауіпсіз сақтау мен кәдеге жарату толықтай кәсіпорындардың мойнында. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін келер жылы министрліктер, жергілікті атқарушы органдар және ірі кәсіпорындардың деректерін біріктіретін арнайы платформа іске қосылады. Осылайша, мемлекеттік органдар нақты уақыт режимінде қай жерде қанша қалдық жиналғанын анықтап, тиісті шешім қабылдай алады.
Абылай Әлмұханов, ҚР ЭТРМ Қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары:
- Былтырғы жылы ҚР-да қалдықтардың барлық түрлерін басқарудың тұжырымдамасы қабылданды. Ол тұжырымдама аясында қалдықтарды басқару жөніндегі ұлттық орталық мәртебесі «Жасыл даму» АҚ беріліп жатыр. Тұжырымдама аясында қалдықтарды басқарудың цифрлық платформасы құрылады. Бұл Қазақстан аумағында түзілетін бұған дейін жинақталған қалдықтар бойынша ақпараттың барлығы осы цифрлық платформаға орналастырылатын болады.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #өндіріс қалдықтары #цифрландыруPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz