RU
Толық нұсқаға өту

Қызметкердің құқығын қорғайтын құжат күшіне енді

02.07.2026, 19:10 29

Қызметкерлердің құқығын қорғайтын құжат күшіне енді. Елде еңбек кодексіне өзгертулер жасалып, жұмысшы қауым мен басшылық арасындағы қатынасты реттеудің тетіктері түзетілді.

Енді әр артық атқарылған еңбек елеусіз қалмайды. Қосымша ақы төлеу заңмен шегеленді. Сондай-ақ мамандардың скринингтен уақытылы өтуін жұмыс беруші қадағалауы керек. 

Жыл басынан бері жұмысшылардан еңбек инспекциясына 22 мыңға жуық арыз-шағым түскен. Оның дені, анығын айтсақ 83 пайызы қызметте қудалап, жалақыдан жалтарған һәм қызмет шартын бұзған басшыларға қатысты. Енді бұлай болмайды. Саладағы салғырттыққа заңмен нүкте қойылды.

Еңбек кодексіне өзгерістер енді. Жаңа құжат қызметкердің құқығын қорғауға бағытталған. Ең алдымен артық атқарылған жұмысқа қосымша ақы төлеу ісі егжей-тегжейлі жазылды. Енді еңбек демалысындағы немесе денсаулығына байланысты жұмысқа шықпаған қызметкердің орнына  еңбек еткендерге ақы төленеді. Бұл бұған дейін болған. Дегенмен әр түрлі себепті сылтау етіп, басшылық бұрмаланға салатын еді. Енді нақты нормамен белгіленді. Сондай-ақ  еңбек шартын рәсімдеудің де реті анық жазылды.

Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің VІІІ шақырылым депутаты: 

- Азаматтардың азаматтық құқықтық шарттарды еңбек шарттарын алмастыру үшін пайдалануға  тікелей тыйым салынды. Ол не деген сөз? Мысалы, бұған дейін кейбір жұмыс берушілер адам тұрақты жұмыс істесе де оны еңбек шартымен емес, қызмет көрсету  шартымен рәсімдейтін болған. Осының салдарынан  қызметкер өзіне тиесілі ақылы еңбек демалысынан, кейде әлеуметтік төлемдерден айырылып кететін болған.

Құжатта қызметкердің қауіпсіздігін қамту да қаперден қалыс қалған жоқ. Айталық, биылғы үш айдың ішінде қауіпсіздік шараларын бұзған 300-ден астам жағдай тіркелген. Енді көрсеткіш кемуі бек мүмкін. Себебі мұдайда жұмыс берушіні жауапкершілікке тарту күшейді. Тоқпағы қатты болса, киіз қазық жерге кіретіні бар.

Бағлан Қасенов, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті директорының орынбасары

- Жұмыс берушілер қауіпсіздік шараларын тиісінше қамтамасыз етпеген жағдайда оларға деген жауапкершілік күшейтілген. Сонымен қатар өндірістік жазатайым оқиғасы кезіндегі жұмыс берушілердің және олардың отбасының жазатайым оқиғада оларды тергеп-тексеруге араласу құқықтары кеңейтілді.

Ал маман медициналық тексерістен өтуі үшін сұранса басшылық босатуға міндетті. Сондай-ақ сол аралықта орташа жалақы төленуі тиіс. Бұған бағынбағандар әкімшілік жаза арқалайды. Бұдан бөлек, жалғыз басты әйелдердің құқығын қорғаумен қатар мұндай статусқа ие ер қызметкерлердің де мүмкіншіліктері құжатта қаралған. Оларды ретсіз  жұмыстан босатуға һәм қысқартуға болмайды.

Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің VІІІ шақырылым депутаты: 

- Бұрын заңда негізінен әйелдердің құқықтары қорғалатын болса, осы түзетулерге сәйкес жалғыз басты ата-аналар, олардың ішіндегі жалғыз басты әкелер өзінің құқықтарын қорғай алады. Яғни, жалғыз басты әкелерге немесе баланы жалғыз басты өсіретін өкілдерге қолданылады осы кепілдік. 

Жыл басынан бері еңбек испекторлары жиырма екі мыңға жуық жұмысшының құқығын қорғады. Алда бұл іс ілгерлей түседі. Себебі біз айтқан өзгерістер күшіне еніп, құжат заңдық қуат алды. Айта кету керек, бұл жұмыс берушілерге жасалған қысым емес, қызметкер мен басшылық арасындағы қатынастарды нақты нормалармен айқындау.

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz