RU
Толық нұсқаға өту

Мал өсіруге несие беріледі

03.07.2026, 07:52 54

Мал өсіремін, қолдағының басын ұлғайтамын, одан әріде қора-қопсы саламын десеңіз, арзан несие бар. 

Биыл мал шаруашлығын дамытуға арналған бірнеше бағдарлама іске қосылды. Олардың екеуі орта және ірі бизнеске арналса, тағы бірі жаңадан кәсіп бастауға ниетті шаруаларды қолдайды. Жалпы биыл несиелік бағдарламаларға 300 млрд теңгеден аса қаражат қарастырылды. Бұл қандай бағдарламалар және олардың тиімділігі неде? 

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Көптен бері мал өсіруді ойлап, бірақ оған қаржы таппай жүрген жандар енді «Жайлау» бағдарламасының шарапатын көреді. Жаңа бағдарлама жаздың басында іске қосылды. Мұнда ірі қара үшін 350 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Ал ұсақ мал, яғни қой-ешкі өсіремін дегендерге 200 млн теңгеге дейін қарыз беріледі. Несие үстемесі 6 пайызбен 10 жылға дейін есептеледі. Қарызды қайтару кестесін екі жыл шегеруге мүмкіндік бар. 

Бағдарламаға қатысушы арнайы бизнес-жоспар түзеді. Бизнес-жоспар кемі 300 ірі қара немесе 1000 қой-ешкі өсіруге есептелуге тиіс. Сонымен қатар несие алушының қолында қарыз сомасының 15 пайызы көлемінде қаржысы болуы шарт. Сондай-ақ өзіне тиесілі жайылымдық жері болуы міндетті. 

Айдын Досқараев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Осыған дейін «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сияқты бірнеше бағдарлама болды. Сол бағдарламалардың нәтижелерін зерттеп қарасақ, өздерінің малға жем-шөп өсіретін және оны дайындайтын жері болмаған кәсіпкерлердің басым бөлігі жобаны жүзеге асыра алмай, банкротқа ұшырады. Егер мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкердің жем-шөп өсіретін, яғни қажеттілігінің кем дегенде 50 пайызын қамтамасыз ететін жері болмаса, онда бұл жобаның табысты жүзеге асу тәуекелі өте жоғары болады.

Бұл қаржыны фермер мал сатып алумен қатар, ферма құрылысына, құрылыс қызметінің ақысына жұмсауға хақылы. Жанар-жағармай, малдың дәрі-дәрмегі мен жем-шөпке жаратуына болады. Тек қаржының бұрынғыдай қолға берілмейтінін, банктегі есепшоттар арқылы төленетінін ескеру керек. «Жайлаудан» бөлек, көктемде «Игілік» және «Береке» бағдарламалары да жолға қойылды. Бұлардың алғашқысы орта бизнеске арналса, «Береке» ірі шаруашылықтарға бағытталған. «Игілік» шеңберінде 1 млрд теңгеге дейін несие берілсе, «Береке» арқылы 5 млрд теңге қарыз алуға болады. Екеуінің де үстемеақысы – 6 пайыз, 7 жыл мерзімге дейін есептелген. «Жайлаудан» тағы бір айырмашылығы, мұнда қой, сиыр, жылқы, түйемен қатар, марал және омарта шаруашылықтары қаржыландырылады. Тек ескеретін бір жайт, сиыр өсіремін дегендер малды шетелдегі асыл тұқымды шаруашылықтардан әкелуге тиіс. 

Айдын Досқараев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Себебі неде? Басты мақсат неде? Мына көп жылдар бойы біздің байқағанымыз, малдың тұқымы азып кеткен. «Игілік» және «Береке» бағдарламаларының мақсаты тек қана ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандыру емес, және де сыртқа, мына экспортқа шығару. Ал экспортқа шығарғанда шетелдік трейдерлер, сатып алушылар, олар малдың түріне де қарайды. Қандай, мал, ангус па, герефорд па, голштейн ба, симментал ма? Оларға бұл өте маңызды. Оларға бұл стандарт болып есептеледі.

Тағы бір айтып өтері, бағдарламалар шеңберінде «Даму» қорынан 85 пайызға дейін кепілдік беру қарастырылған. Кепіл ретінде жылжымайтын мүлік, техника, басқа да құнды дүниелер жарайды.

Бұған дейін Үкімет шаруашылықтарды субсидиялауды тоқтатқаны белгілі. Енді қаржыландыру тетіктері осы бағдарламалар арқылы жүргізіледі. Фермерлердің айтуынша, несиенің субсидиядан артықшылығы көп. 

Байболсын Төлеуұлы, фермер:

- «Қайтарымсыз субсидия» деген түсінік дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені бұрын несиені 16 пайызбен алатын едік. Оның 8 пайызын мемлекет субсидиялайтындықтан, бізге, яғни соңғы тұтынушыға, несие 7 пайыздық мөлшерлемемен берілетін. Ал бүгінгі бағдарлама бойынша мөлшерлеме – 5 пайыз. Сондықтан бұл әлдеқайда тиімді деп есептеймін. Сонымен қатар бұрынғыдай субсидияны айлап, тіпті жылдап күтудің қажеті жоқ. Осы жағынан өте ыңғайлы. Қосымша құжат тапсырудың да, артық ізденудің де қажеті жоқ.

Жалпы 2030 жылға дейінгі кешенді жоспар шеңберінде ет өнімдерінің экспортын 2,5 есе ұлғайту көзделген. Ол үшін фермерлерді қолдау тетіктері жаңартылып отыр. Биыл несиелік бағдарламаларға 300 млрд теңге бөлінді.Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Өрден Жарқын

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz