Биыл Қостанай облысына 140 қайтарымсыз мемлекеттік грант бөлінді. Қазір осы демеуқаржыны алуға ниетті азаматтардан өтініш қабылдау жүріп жатыр.
Былтыр өңірге берілген грант толық игерілген. Биыл да мамандар өтініш берушілердің саны аз болмасына сенімді. Мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз демеуқаржыға ие болғандардың бірі – Бақытбек Байғожин. Алты баланың әкесі көлік жөндейтін шеберхана ашуға бел буған. Жоспарын жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант конкурсына қатысып, миллион жарым теңге жеңіп алды. Ақшаға автошеберханаға қажетті құрал-саймандар сатып алды.
Бағытбек Байғожин, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Бұрыннан бері осы кәсіппен айналысып жүргенмін негізі. Есік алдында жасап жүрдік. Қазір енді арендаға гаражды алып, сол гражда көлік жөндеу қызметтерін жасаймыз. Болашақта тағы да үкімет тарапынан көмек болып жатса, өзіміздің гаражымызды саламыз ба, онда ары қарай тағы да дамуға болады да.
Биыл да мемлекет көмегімен кәсіп ашуға ниетті азаматтарға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде грант беріледі. Бұл бағдарламаға көпбалалы отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, әлеуметтік осал топқа жататындар қатыса алады. Ол үшін Еңбек.кз порталында «Бастау бизнес» курсын аяқтап, бизнес-жоспар әзірлеу қажет. Ал өтініш қабылдау 8 шілдеге дейін жүргізіледі.
Кеңескүл Байсекенова, «Мансап» орталығының маманы:
- Мемлекеттік грант – бизнес жобасын жүзеге асыруға ниетті «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға өтеусіз, қайтарымсыз берілетін қаржы. Оған өтініш берудің өз тәртібі, ережесі бар. Жыл сайын ол араға үш ай салып кемі екі кезеңде өткізіледі. Портал арқылы құжат тапсыру мерзімі әр кезеңде 10 күнге созылады.
Биыл Қостанай облысына 140 қайтарымсыз грант бөлініп отыр. Алайда оның да өз талап-шарты бар. Алған қаржыны өз мақсатына жұмсағандығын кәсіпкер құжат жүзінде дәлелдеуі тиіс. Олай болмаған жағдайда қайтаруға тура келеді.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров
Тегтер #қайтарымсыз грант #өтініш #Қостанай облысы #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz