RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл облысында заңсыз жанар-жағармай тасымалы жиіледі

04.07.2026, 08:30 32

Жамбыл облысында жыл басынан бері автокөлікті заңсыз жабдықтаған 260 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар негізінен көлікке қосымша бак орнатқандар.

Қолдан жасалған құрылғылар елден шетелге заңсыз жанар-жағармай тасу мақсатында қолданылады. Полиция қызметкерлері мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін рейд өткізді.

Жамбыл облысындағы шекара бекеттерінен бірде бір автокөлік тексерусіз өтпейді. Өйткені біздің елімізден көршілес Қырғызстанға заңсыз жанар-жағармай тасымалдау дерегі жиілеп кеткен.

Руслан Оразбақов, Жамбыл облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы:

- Жанар-жағармай материалдарын заңсыз тасымалдауы мүмкін барлық автокөліктерді тексеру мақсатында 6 полиция бекеті жұмыс істеуде. Жыл басынан бері автокөлік құралдарының конструкциясына заңсыз өзгерістер енгізгені үшін 263 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқықбұзушылар арасында шетел азаматтары да бар.

Осы автокөлікте тиісті рұқсатсыз жанармай құятын бак орнатылған. Екі жақта дәу бак. Негізі стандартқа сай емес. Сол үшін қазір полиция қызметкерлері ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 590-бап, 7-бөлігімен хаттама толтырады. Соңғы кездері мұндай құқықбұзушылықтың тым жиілеп кеткені байқалады. Шекарадан неғұрлым көп мөлшерде жанармай алып өту үшін жүргізушілер түрлі қулыққа барады. Қосымша және құпия бак орнату заңға қайшы. Полиция қызметкерлері заңсыздықтың алдын алу үшін автокөліктерді жіті тексеруге кірісті.

Азизжон Пайзиев, Жамбыл аудандық Полиция бөлімінің учаскелік инспекторы:

- Заңсыздық анықталған жағдайда жүргізушіге 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Екінші рет қайталанса, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Сонымен қатар автокөліктің мемлекеттік нөмірі тәркіленеді. Жыл басынан бері Жамбыл ауданында заңсыз жанар-жағармай тасымалдаудың 58 дерегі анықталып, 2 млн теңге айыппұл салынды.

Ал мына «Лексус» автокөлігінің жүргізушісіне қанша айыппұл салса да бәрібір сияқты. Ол осымен үшінші рет ұсталып отыр. Көлігіне 45 және 96 литрлік екі бак орнатып алған. Бұл рұқсат етілген межеден 40 литрге көп. Оған 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Нұржай Қазақбаев, жүргізуші:

- Маған осымен үшінші рет хаттама толтырды. Алдыңғы екеуінде бакты ауыстырмағаным үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылдым. Жақында оны ауыстырғанмын, бірақ полиция қызметкерлері оны зауыттан шыққан бак емес деп отыр. Енді тағы да айыппұл төлеуге тура келіп тұр.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, Қырғызстаннан келген жүргізушілер Қазақстан аумағында жанармайды 100 теңгеге арзан бағамен сатып алады. Шекара асқан соң қымбатқа сатады. Сол себепті шекарада бақылау күшейтіліп, рейдтік іс-шаралар жиілей түсті.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейлхан, Эльдар Байділда

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz