RU
Толық нұсқаға өту

ШҚО-да күре жолда күрделі жөндеу басталды

04.07.2026, 19:29 27

Шығыс Қазақстан облысында «Өскемен-Риддер» бағытындағы республикалық маңызы бар күре жолдардың бірінде жөндеу жұмыстары үшінші жылға созылып барады. 

Нысан өткен жылдың жазында толық аяқталуы тиіс еді. Алайда мердігер мекеме міндеттемесін орындай алмағандықтан іс сотқа жетіп, келісімшарт бұзылды. Қазір жаңа мердігер соңғы 10 шақырымды жөндеуге кірісті. Дәл осы бөлік жол салушылар үшін ең күрделі учаскеге айналып отыр. Оның себебі неде және құрылыс жұмыстары қазір қай кезеңде? 

Өскемен-Риддер тасжолы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған. Содан бері бұл жолға бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмепті. Осыдан 16 жыл бұрын кейбір бөліктері ғана жаңартылғанымен, мердігерлер мекеме жолдың негізін талапқа сай дайындамаған. Салдарынан жолдың сапасы тұрғындардың наразылығын туғызды. Сондықтан күрделі жөндеу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. 2024 басталған жоба бойынша көзделген 105 шақырымның алғашқы 30 шақырымы ғана жаңартылды.

Алмас Қасенов, «Қазавтожол» ҰК» ШҚО филиалы директорының орынбасары:

- Қалған 75 шақырымында 2025 жылы мердігер өндірістік кестеден артта қалып, аяқталмағандықтан келісім-шарт бұзылды. Қалған 75 шақырымның бүгінгі күні 65 шақырымында асфальт төселді.

Жобаның ұзаққа созылуының негізгі себебі соңғы 10 шақырымдық учаске. Мұнда жай ғана асфальт төсеу жеткіліксіз. Топырақтың шамадан тыс ылғалдануы салдарынан жолдың табаны көтеріліп, жабындыны бүлдіреді. Сондықтан құрылысшылар алдымен жолдың негізін толық ауыстырып, содан кейін ғана жаңа жол жабындысын төсеп жатыр.

Қазбек Болатбеков, учаске басшысы:

- 75-шақырымға дейінгі бөлікте тереңдігі жарты метрден бір метрге дейін жететін ісінген жерлерді алып тастап жатырмыз. Алдымен тас төсейміз, оның үстіне құм-қиыршықтас қоспасын салып, толық тығыздаймыз. Кейін су сеуіп, қайтадан арнайы техникамен нығыздаймыз.

Мердігер ауысқаннан кейін құрылыс технологиясы да қайта қаралды. Бұрын ескі жол жабындысының бір бөлігі қайта өңделіп пайдаланылса, енді мамандар бұл тәсілден бас тартуды жөн көрген. Автомагистралдың қызмет ету мерзімін ұзарту үшін оның табаны жаңа материалдармен нығайтылып жатыр.

Саяхат Мұсапыров, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШҚО филиалының бөлім басшысы:

- Бұл жол биылғы жылы ведомстволық сараптамадан қайта өтті. Сол ведомстволық сараптамға сәйкес бастапқы жұмыстар бұл негіз салу және құбырлар ауыстыру. Одан басқа екі қабатты асфалтобетон төсеу.

Жол жөндеу жұмысы маусым айында басталған. Осы уақыт ішінде учаскені «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» инженерлері үш мәрте тексерді. Алынған 10 сынаманың біреуі асфальт-бетон сапасы бойынша талапқа сәйкес келмегендіктен мердігер көрсетілген кемшілікті жоюы тиіс. Ал жолдың екі қабатты асфальт жабынын толық төсеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz