Шомылу маусымы басталғалы Алакөлде қауіпсіздік талаптары мен су көліктерін пайдалану ережесін жиырмадан аса адам бұзып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айдынды көл жағалауында қазір туристік маусымның нағыз қызған шағы. Қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында полицейлер мен арнайы жасақ, төтенше жағдайлар қызметкерлері күшейтілген кестеге сай қызмет атқарып жатыр.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Алакөлдің Жетісу облысына қарасты аймағындағы жағалаудың ұзындығы 13 шақырым. Аталған аумақтағы қауіпсіздікті қамтамассыз ету үшін төтенше жағдай қызметкерлері мен әскерилер таңғы тоғыздан қас қарайғанша кезекшілік атқарады. Шомылу маусымы басталғалы олар сақтық ережесін сақтамай соның салдарынан суға батқан оншақты адамды құтқарып қалды.
Қызметкерлер Алакөлдің жағалауын 11 қайықпен бақылайды. Соның бірін Азамат Нұрмұханбетов тізгіндейді. Жеті жылдан бері осы салада жұмыс істейтін ол туристер жіберетін қателіктерді тізіп айтты.
Азамат Нұрмұханбетов, бас құтқарушы:
- Көбінесе адамдар белгіленген жерден байдаркамен құтқару жилетін кимей кетіп қалады. Соның салдарынан өздері де тереңге кетіп жатады. Жағада адам көп болғандықтан, балалар да жиі жоғалып кетеді. Осындай жағдайлардың бәрін біздің жігіттер бақылап, қадағалап жүреді.
Қазір Алакөлде шомылу маусымының нағыз қызған шағы. Тынығушылар көп. Оларға көрсетілетін қызметтер де жетерлік. Әсіресе су көліктерімен қыдыртып, гидроциклдармен жүйткитіндер қаптап жүр.
Катерина Ерханқызы, тынығушы:
- Жағажай аумағы жанармай сасып кетеді. Техника жүргеннен кейін толқын пайда болады. Сол кезде балаларға алаңдаймыз. Су көліктерін тізгіндегендер шектеуге мән бере бермейді. Тынығушылар қол бұлғап шақырса келе салады. Сол жағын реттеу керек.
Жетісу облысында 225 шағын су көлігі тіркелген. Шілденің бірінен бастап олардың қызметін бақылау төтенше жағдайлар миинстрлігіне берілді. Саладағылар полицейлермен бірлескен рейд өткізіп, жағалауды шолып, бейнекамералар арқылы да заң бұзушылықтарды анықтады.
Елдар Тұрсынов, ТЖД басқарма бастығы:
- Жергілікті атқарушы орган тарапынан Ақши, Көктұма жағалауына 30 дан аса бейнебақылау камералары орнатылған. Камералардың орталық базасы кезекшілік бөлмесінде орнатылған. Сол арқылы және патрульдік жұмыс барысында судағы қауіпсіздік ережесін бұзған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Азамат Әбділдаев, Алакөл аудандық ПБ бастығының орынбасары:
- Шомылу маусымы басталғалы бері күшейтілген қызмет атқарып жатырмыз. Күнделікті 12 сағаттық ауысыммен таңғы сегізден кешкі сегізге дейін, кешкі сегізден таңғы сегізге дейін екі ауысымдық немен жұмыс істеп жатырмыз. Күнделікті үш автопатруль, екі жаяу патруль жағажай бойынша және пост жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда Алакөл жағалауында қылмыс орын алған жоқ.
Көл жағалауына 25 құтқару мұнарасы орнатылған. Жазатайым жағдайларда жергілікті аурухана мамандары да шұғыл ем-дом жасауға дайын. Олар шомылу маусымы басталғалы 100-ден аса адамға медициналық көмек көрсеткен. Құтқарушылар қайғылы жағдайды болдырмау үшін әр адам өз өміріне үлкен жауапкершілікпен қарап, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керектігін ескертеді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдірешов
Тегтер #Алакөл #жағалау #қауіпсіздікPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz