Елордадағы Qazaq Creative Hub алаңында Солтүстік Қазақстан облысының «Ботай - Ұлы дала мәдениеті» көрмесі өтті.
Экспозицияны Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева аралады. Қатысушыларды құттықтаған Аида Балаева жобаның басты мақсаты өңірлік креаторларды ілгерілету, олардың өнімдері мен қызметтерін нарыққа шығаруға қолдау көрсету екенін атап өтті. Жәрмеңкеде өңірдің тарихи-мәдени мұрасы, аймақтық брендтер, заманауи технологиялық және инклюзивті жобалар таныстырылды. Қонақтарға Ботай мәдениетіне тән интерактивті экспозиция, халық шеберлерінің бұйымдары, авторлық керамика, ұлттық нақыштағы дизайнерлік киім топтамалары мен кәдесый өнімдері ұсынылды. Іс-шарада «Цифрлық киіз үй» аймағы таныстырылып, онда жасанды интеллект, робототехника сынды заманауи технологиялар көрсетілді. Бұдан бөлек, облыс авторлары түсірген деректі, анимациялық, қысқаметражды фильмдер көрермен назарына ұсынылды.
Айшабибі Хадесова, «Ботай» арт-галереясының қызметкері:
- Бұл Солтүстік Қазақстан ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы. Әлемдік археологияда ерекше орын алатын жер. Өйткені дәл осы жерде адам жылқыны қолға үйретті. Ботай мәдениетін насихаттау мақсатында арт-галерея ашылды, симпозиумдар өткізіледі.
Дильнара Нұржан, Бренд амбассадоры:
- Ботай коллекциясы СҚО-ға арнайы тігілген коллекция. Еліміздің еркіндігін, бостандығын көрсету үшін жасалған коллекция. Ботай тарихын көрсету мақсатында жасалған. Бұл коллекцияда тек шапандар емес, худи, футболкалар, сөмкелер де бар.
Көрме-жәрмеңке аясында отандық дизайнерлердің этникалық киім топтамаларының көрсетілімі өтті. Креаторлар Париждегі Oriental Fashion Show жобасына қатысқан. Келушілер қолөнер шеберлерінің сабақтарына қатысып, көрмеге қойылған өнімдерді сатып алды. Екі күнде 5 млн теңгеге жуық өнім сатылды. Creative Aimaq жобасын Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Креативті индустрияларды дамыту қоры жүзеге асырып келеді. Бұл бастама отандық брендтерді қолдауға және аймақтардың мәдени әлеуетін танытуға бағытталған. Бұған дейін Ақмола және Павлодар облыстарының креативті жобалары таныстырылды. Жыл аяғына дейін барлық өңірді қамту жоспарда бар, - дейді ұйымдастырушылар.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #ботай көрмесі #АстанаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz