Белгілі өнерпаздар, музыканттар және шығармашылық ұжымдар қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше музыкалық марафон ұсынды.
Қазақ күйлері теміржол вокзалында, әуежайда, автобустар мен сауда орталықтарында бір мезетте күмбірледі. Осылайша, көпшілік күтпеген жерден мерекелік концерттердің куәсі болды.
Мерекенің алғашқы үні Шымкент теміржол вокзалынан естілді. Әдеттегі пойыздардың дыбысы мен жолаушылар қарбаласының орнына бұл жолы көпшілікті «Қаратау» фольклорлық ансамблі қарсы алды. Осындай музыкалық тосынсый әуежайға келген жолаушыларға да ұсынылды.
Әнел Дәндібаева, қала тұрғыны:
- Осындай мини концерттер болып тұрғаны өте жақсы деп ойлаймын. Өйткені қазақтардың музыкаға деген махаббатын ашады деп ойлаймын.
Мереке қала көшелерінде де жалғасын тапты. Домбыра ұстаған музыканттар қоғамдық көліктерге кіріп, жолаушыларға ұлттық өнердің шынайы рухын сезіндірді. Автобус салондарында елге белгілі күйлер орындалды.
Музыка сауда орталықтарында да күмбірледі. Ұлттық киім киген өнерпаздар жарқын флешмоб ұйымдастырып, келушілер назарын бірден аударды. Көпшілік күнделікті қарбаластан бір сәтке арылып, домбыра үніне құлақ түрді. Себебі қазақ халқы үшін домбыра жай ғана музыкалық аспап емес. Оның үнінде тарих, ұрпақ жады және Ұлы даланың рухы жатыр.
Нұрлан Балтақожа, әнші:
- Қазақ өзі әлемге домбырамызбен, ұлттық киімдерімізбен көптеген елдерді аралап, қазақ өнерін дәріптеген.
Мерекелік шаралар бірнеше күн бойы мегаполистің түрлі алаңында өтті. Этноауылда қонақтар қолөнер шеберлерінің бұйымдарымен танысып, домбыра жасау ісінің қыр-сырын көрді. Ал «Шымсити» саябағында ашық аспан астында халықтық шығармалар орындалды. Мыңдаған көрермен домбыраның әлі де елді біріктіретін, қазақ мәдениетінің басты нышандарының бірі екенін тағы бір мәрте сезінді.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Нұрмахан Мұсатов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Шымкент #домбыра күні #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz