RU
Толық нұсқаға өту

Астанаға – 28 жыл: қала көркі туристерді тәнті етті

06.07.2026, 09:22 32

Ерке Есіл жағасында бой көтерген Елорда аз ғана уақыт ішінде сәулет өнерінің озық үлгілері мен озық технологиясы тоғысқан заманауи мегаполиске айналды.

Күн сайын мұнда әлемнің әр түкпірінен келетін саяхатшылардың саны көбеймесе, кеміген емес.

Назым Кенжебай, тілші:
- Астанаға келушілер бұрын қаланың басты символы – Бәйтеректі көруге асығатын. Ал қазір бағыт өзгерді. Әуежайдан түскен бойда жолаушылар бірден «Тарлан-Астанаға» отырып, қаламен танысуды бастайды.

Өйткені бұл – жай ғана қоғамдық көлік емес, елорданың жаңа тынысын сезінуге мүмкіндік беретін заманауи туристік маршрут. LRT-ның терезесінен Астана мүлде басқа қырынан ашылады. Көкпен таласқан зәулім ғимараттар қаз-қатар тізіліп, әйнектері күн көзімен шағылысып, қаланың ажарын айшықтап, көркіне көрік қосып келеді.

Тың технологиялық шешімдер үйлесім тапқан ЭКСПО қалашығы да туристердің назарын аулайтын басты нысандардың қатарында. Мұндағы «Әлем» шары ғылыми-инновациялық және цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект мүмкіндіктері тоғысқан халықаралық деңгейдегі бірегей орталыққа айналған.

Әнел Құмқай, «
Alem.AІ» Халықаралық жасанды интеллект орталығының қызметкері:
- Бұл бізде ЭйАй Кон инсталляциясы. Ол келушілермен бірге машина мен адамның арасындағы қарым-қатынасты көрсетеді. Яғни бұл жерде біз жасанды интеллектіге технологиялар мен жасанды интеллект туралы сұрақтар қоя аламыз. Мәселен, жаснады интеллект қалай өмірімізге ықпал етеді, болашақта қалай өзгереді, қанша модельдер бар деген сияқты сұрақтарды қоя отырып, біз өзімізге керек терең жауапты ала аламыз.

Музей
– тарихтың табы тасқа басылып, уақыттың ізі жәдігерге айналған мекен. Өйткені мұндағы әр бұйым өткеннің сырын бүгінге жеткізіп, халқымыздың сан ғасырлық тарихын үнсіз баяндайды. Көшпенділер өркениетінің тұтас тарихы тізбектеліп, ұлттық рух жаңа мазмұнмен жаңғырады.

Тәуелсіз Қазақстанның символына айналған монумент жылдар өтсе де маңызын еш жоғалтқан емес. Заманауи дизайн мен ұлттық нақыш астасқан Орта Азиядағы ең үлкен Бас мешіт те бүгінде сәулет өнерінің жауһары ретінде шетелдік қонақтардың таңдайын қақтырып, таңданысқа бөліп жатыр.

Авторлары: Назым Кенжебай, Ғалымжан Абдылахат

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz