Астана ең қарқынды дамып келе жатқан туристік орталықтардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Былтыр бас қалаға 1,6 миллион турист келіп, салаға рекордтық инвестиция тартылды, деп хабарлайды «24KZ».
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Астанаға 1,6 миллион турист келген. Оның ішінде 380 мыңнан астамы – шетелдік қонақтар. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында елордаға 352,2 мың турист келіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға артқан. Шетелдік келушілер саны 67,9 мыңды құрады. Ең көп турист Ресей, Қытай, Түркия, Германия және АҚШ елдерінен келген. Сондай-ақ Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірліктері және өзге мемлекеттерден келушілер ағыны да өсіп отыр.
Туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі де тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2025 жылдың қорытындысында негізгі капиталға салынған инвестициялар 438,3 миллиард теңгеге жетіп, өңірлер арасында ең жоғары көрсеткішті көрсетті. Ал 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында инвестиция көлемі 250 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық артқан.
Қазіргі таңда елордада жалпы құны 265,7 миллиард теңге болатын 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында халықаралық қонақүй желілерін салу, экотуризмді дамыту және заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастыру бағытындағы жобалар бар.
Саланың дамуына серпін беріп отырған негізгі бағыт – оқиғалы туризм. 2026 жылдың алғашқы үш айында Астанада 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылды, оның 11-і халықаралық деңгейде өтті. Алдағы уақытта қалада BaiQymyz этно-гастрономиялық фестивалі, Comic Con Astana фестивалі, «Болашақ ойындары» халықаралық турнирі және Энрике Иглесиастың концерті өткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Астана халықаралық туристік кеңістіктегі орнын нығайтып келеді. Қала 2026 жылы Германия, Қытай және Оңтүстік Кореяда өткен ірі туристік көрмелерге қатысып, Ресейде роуд-шоу өткізді. Бұдан бөлек, бірқатар халықаралық туристік ұйымдардың құрамына енді.
Елордада туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр. Жаңа музейлер ашылып, цифрлық сервистер жетілдірілуде, қалалық навигация жүйесі жаңартылып, туристерге қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді шаралар іске асырылуда.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24жаңалықтар #туризм #Астана #инвестиция #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz