Ақтөбе облысында биыл колледжге түсетіндерге мемлекет тарапынан 5,5 мың грант бөлінді. Өңірдегі кәсіби-техникалық білім беру мекемелері 82 кәсіп бойынша маман даярлайды.
Қазір оқу орындарында түлектерден құжат қабылдау науқаны жүріп жатыр.
Ерсұлтан Қабижан биыл 9-сыныпты бітіріп, кәсіптік білім алуға бел байлапты. Жеткіншек әкесінің жолын қуып, автомеханик мамандығын таңдаған.
Ерсұлтан Қабижан, абитуриент:
- Жас кезімнен механик болғым келді. Өйткені маған ол ұнайды, жақсы мамандық деп ойлаймын. Экскурсия болды, мен келдім. Маған бәрі ұнады, мұнда макеттер, «двигательдер», моторлар, «ходовкалар» бар, бәрі жақсы екен. Болашақта мен автосервис ашқым келеді.
Автожол колледжіне биыл 275 грант бөлінген. Оқу орнында 6 мамандық бойынша тегін білім алуға болады. Нарықта жоғары сұранысқа ие автоэлектрик, техник-механик сияқты кәсіпті меңгергісі келетіндер жыл сайын көбейін келеді. Биыл бір орынға үш түлектен келіп тұр.
Қадірбек Идрисов, Ақтөбе автожол колледжінің директоры:
- Талапкерлерді қабылдау "Оқу" платформасы арқылы жүзеге асырылады. Құжаттарды рәсімдеу әрбір талапкер онлайн түрде немесе колледж базасына келіп тапсыруға мүмкіндігі бар, жалпы кез келген талапкер төрт мамандықты немесе төрт колледжді таңдауына болады. Мысалы, бірдей мамандықты әртүрлі колледжден таңдауына болады немесе бір колледжде бірнеше мамандықты таңдауына мүмкіндігі бар.
Аймақтағы оқу орындары 44 бағыт бойынша жұмысшы мамандарын дайындайды. Былтырғымен салыстырғанда биыл орта кәсіптік білім алуға арналған гранттар саны екі есе артқан. Колледждердегі оқу бағдарламалары еңбек нарығының сұранысына сай кеңейіп келеді. Өңірдегі өндіріс орындарының қажетіне орай былтыр «Көтерме –көлік машиналары мен конвейерлерін басқару», «Маркшейдерлік іс», «Қонақ үй бизнесі» «Бақ-саябақтарды күту» сияқты мамандықтар ашылды. Ал жаңа оқу жылынан бастап колледждер логопедтер мен лифт жөндеушілерді даярлайды.
Бұлбұл Күзембаева, облыстық Білім басқармасының басшысы:
- Бұл мемлекеттік тапсырысты бөлген кезде нақты еңбек нарығындағы сұраныстарға ие мамандықтарға басымдық берілді. Ол техникалық мамандықтар, инженерлік мамандықтар, құрылыс, ауыл шаруашылығы, медицина, ақпараттық технологиялар мамандықтары, сонымен қатар қызмет көрсету саласы және экономиканың сұранысына сәйкес көлік, өнеркәсіп салаларындағы мамандықтарға да басымдық беріліп отыр.
Аймақта кәсіби-техникалық білім беретін 38 мекеме жұмыс істейді. Оларда білім алып жатқан 28 мың студенттің 74 пайызы мемлекеттік тапсырыспен оқиды. Биыл колледж бітірген 9 мыңға жуық жас маман еңбек нарығына қадам басты.
Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #түлектер #колледж #Ақтөбе #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz