Үкімет Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізді. Соған сәйкес, Мемлекеттік туды орналастырудың жаңа талаптары бекітіліп, оған қатысты тыйымдар нақтыланды, деп хабарлайды «24KZ».
Бекітілген құжатқа сай енді Мемлекеттік туды тұрғын және тұрғын емес ғимараттарға, оның ішінде балкондарға 45 градус бұрышпен, сондай-ақ салтанатты іс-шаралар өтетін орындарға орналастыруға рұқсат етіледі.
Мемлекеттік туды пайдалану үшін мынадай талаптар сақталуы тиіс:
* жеке тұрғын үйлерде Мемлекеттік туды кемінде үш метр биіктікте орнатуға болады. Бұл жағдайда түнгі уақытта оны жарықтандыру міндетті емес;
* Мемлекеттік ту жерге, еденге, суға немесе басқа да беттерге тимеуі тиіс;
* ту тік орналастырылған жағдайда ұлттық ою-өрнегі жоғары жағында орналасуы қажет;
* Мемлекеттік ту бүтін, таза, өңі оңбаған және зақымдалмаған болуы тиіс;
* заңнама талаптары сақталған жағдайда Мемлекеттік туды автокөлік салонына орналастыруға рұқсат етіледі.
Мемлекеттік туды әдейі бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға және мақсатсыз пайдалануға болмайды. Сондай-ақ оның мемлекеттік рәміз ретіндегі мәртебесін төмендететін кез келген әрекетке тыйым салынған.
Бұдан бөлек, Мемлекеттік туды жарнамалық мақсатта, киім, төсек-орын жабдықтары, перде, дастарқан, кілемше және басқа да тұрмыстық бұйым ретінде пайдалануға тыйым салынады.
Алайда бұл шектеу спортшыларға қолданылмайды. Олар спорттық киімі мен жабдықтарында Мемлекеттік тудың бейнесін пайдалана алады.
Жаңа талапқа сәйкес, Президенттің, Парламенттің, Үкіметтің, мемлекеттік органдардың, соттардың, мәслихаттар мен әкімдіктердің ресми сайттарында
мемлекеттік рәміздер бір деңгейде орналасып, мынадай рет сақталуы қажет: алдымен Мемлекеттік ту, кейін Мемлекеттік елтаңба, одан соң Мемлекеттік гимн.
Мемлекеттік рәміздер бейнеленген стендтерді, плакаттарды және басқа да көрнекі материалдарды безендіру кезінде көк түсті фон қолданылып, жазулар алтын түспен жазылады.
Сондай-ақ құжатта Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне арналған стенд орналасқан бөлмелер немесе олардың бөліктері эстетикалық талаптарға сай безендіріліп, шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, дәліздер мен киім ілетін орындардан алыс жерде орналасуы керектігі көрсетілген.
Айта кетейік, қаулы 13 шілдеден бастап күшіне енеді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #рәміздер #мемлекеттік ту #үкіметPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz