RU
Толық нұсқаға өту

Елді газдандыру деңгейі 64,2% жетті

07.07.2026, 13:10 34

Елде газбен жабдықтау жұмысын бақылау күшейеді. Сондай-ақ тауарлық газды үнемді тұтыну мәдениеті енгізіледі. Ал бюджет қаражаты есебінен салынатын нысандардың сапасы артады.

Бүгін Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселелері талқыланған еді. 

Өткен айда газбен жабдықтау және электр энергетикасына қатысты заңға өзгерістер еніп, құжатқа қол қойылды. Онда 2029 жылға дейінгі кешенді жоспар мен 2035-ші жылға дейін көмірсутек шикізатының жаңа кен орындарын игеру қарастырылған.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- Аталған құжаттардың негізгі мақсаты – мұнай мен газдың жаңа кен орындарын кезең-кезеңімен игерудің тиімді тетігін қалыптастыру, көмірсутек ресурстық базасын тұрақты ұлғайту және экономика мен халықтың табиғи газға өсіп отырған қажеттілігін қамтамасыз ету. Жоспар аясында 30 жер қойнауы учаскесі қарастырылған. Бүгінгі таңда QazaqGaz компаниясымен 9 келісімшарт жасалды.

Бүгінде елді газдандыру деңгейі 64,2 пайызға жеткен. Яғни қазір 13 миллионнан астам тұрғынға көгілдір отын қолжетімді. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, жұмыстар мұнымен тоқтап қалмай, жалғасады. Алдағы уақытта 40 жобаны іске асыру көзделді. Оның жетеуі - ауыспалы жоба, 33-і жаңа бағдарлама.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- Солтүстік өңірлерді газдандыру мақсатында 2025 жылғы 9 қазанда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Газпром» Жария акционерлік қоғамы арасында «Ишим – Астана» магистралдық газ құбырын салу жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Жобаны іске асыру Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын сенімді газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің солтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізу маршруттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, министр саланы цифрландыру шаралары туралы айтты. Енді тұрғындар газбен жабдықтау ұйымдарына барып әуре болмайды. Себебі қажетті процеске өтініш беру - онлайн жүзеге асады. Осылайша мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын арттырып, адами фактордың ықпалын азайту көзделіп отыр.

Авторлары: Альмира Оразбай, Мұрат Әріпханов, Айбек Омархан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz