RU
Толық нұсқаға өту

Жекеменшік мектептер ісі жүйеленіп жатыр

07.07.2026, 15:30 39

Жекеменшік мектептер мемлекетке 13 млрд теңге қайтаруы тиіс. Заңды белден басқан кәсіпкерлердің айласын аудит анықтады. Бірақ ақшаның бюджетке кері өтеріне күмәнмен қарайтын сарапшылар да бар.

Жалпы жекеменшік мектептер төңірегінде дау жетерлік. Өйткені оқу ақысы мен білім сапасы қабыспай жатады. Биыл 22 жеке мектеп лицензиясынан айырылған. Сонда да саны көп. Соңғы 5 жылда 856-ға жетті. Қазір шетінен тексеріліп жатыр. Білім сапасынан бөлек, оқу ғимаратының талапқа сәйкестігі де ескеріледі.

Қазақ тойға және балаға барын шашады. Бұрын мейрамхана қаптаса, қазір жекеменшік мектептер жетіп артылады. Бірақ бірі көңіл қарынды тойдырып, кейінгісі көкірек көзді ашса айып жоқ. Олқы тұсы да сол. Олай болмай тұр. Себебі білімді желеу етіп, жүгенсіз кеткен жекеменшік мектеп көп. Ата-анадан ақша, мемлекеттен тапсырыс алып, екі асап отыр. Соңғы 5 жылда ондай білім ордаларының саны екі еселенді. 860-қа жуықтапты. 325 мың оқушы, 32 мыңнан аса педагог жұмыс істейді. Әлбетте бәрі қитұрқы әрекетке бармайды, әдептен озбайды. Алайда арасында ар орнына, пайда ойлағандар бар.

Дәурен Темірбеков, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Жобалау-сметалық құжатты қолдан жасау фактісі бойынша 24 мектеп, қуаттылықты арттырмай ребрендинг бойынша 15 мектеп, қайта қаржыландыруды жаңғырту орнына жүргізген 31 мектеп және 5 факті 30 жылдан асқан ғимараттарды қаржыландыру бойынша тіркелді. Осыны қоссақ 80 мектептен астам сотқа жүгіну фактісі болады.

«Дәніккеннен құныққан жаман». Кей өңірлердегі жекеменшік мектептер өрендер санын өтірік көбейтіп, көл-көсір пайдаға кенелген. 41 мектепте 1200-ден аса оқушы тек құжатта бар. Алматы облысындағы жағдай жаға ұстатады. 90 бала артық жазылып, соған ақы алған. Залал 261 млн теңге. Тағы орын тапшылығы жоқ 7 өңірде әр үшінші мектеп тек бастауыш сыныпқа басымдық берген. Мемлекеттің мәрттігін пайдаланып, 1 млрд 800 млн теңге аудартып алған. Тере берсе теріс әрекет жетерлік.

Айдос Жұманазар, Білім беру саласының сарапшысы:

- ҰБТ саласына арналған мектептер қаптап кетті. ҰБТ-ға ғана дайындайтын. Олар 10-11-сыныптарды ғана дайындайды. Ол жерге ата-аналар не үшін берді? Ол жерде мектептің білімі керемет мықты болғандықтан емес, ол мектептерде тек қана ҰБТ-ға қатысты пәндерді оқытып, қалған пәндерді қалыс қалдырып, аттестатқа бағаларын жалған қойып бере бергендіктен. Ол дауда қазір болып жатыр, тексеріліп жатыр.

Алайда асқанға тосқан. Аудит жүргізілді. Айыптылар анықталды. Енді қалтаға кеткен ақша қазынаға қайтуы тиіс.

Дәурен Темірбеков, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Сот процесі басталды. Ақшаны қайтару жұмысы жүргізіліп жатыр. 13 млрд теңгеден астам қаржылық заңбұзушылықтар анықталды.

Айдос Жұманазар, Білім беру саласының сарапшысы:

- Бұл қаражат қайтарылады деп ойламаймын. Оның 95-98 пайызы қайтарылмайды. Неге? Өйткені басым қаржы мұғалімдерге жалақы ретінде кетіп қалды. Енді мұғалімдерден қайтадан жалақысын тартып ала алмайсыз ғой. Сондықтан бұл ақшалар қайтарылмайды. Бәлкім, жөндеу жұмыстарына жұмсалған ақшаны қайтаруға әрекет жасайтын шығар. Бірақ бұлардың бәрі жөндеуді қайта бұзып, кәсіпкерлерде шығарып бере алмайды. Сондықтан бұл жерде жабулы қазан, сол жабулы күйінде қалып қояды деп ойлаймын.

Ал құзырлы органдар қателіктен сабақ алып, сақ болу үшін былтыр «OrtaBilim» сервисінің іске қосылғанын айтты. Жүйе жоғарыда айтылған олқылықтарды анықтауға мүмкіндік береді екен. Сондай-ақ биылдан бастап тура 1 жылға жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс беру бойынша мораторий енгізілді. Яғни білім беру талаптарын сақтаудан бөлек, ғимараттары да білім ошағы стандартына сай келуі тиіс. Айтпақшы, өңірге жекеменшік мектеп керек пе, жоқ па енді ол жағы жергілікті әкімдікте шешіледі.

Жайық Шарабасов, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:

- Біз әдейі жекеменшік мектептер құжаттарын заңға сәйкестендіру үшін қосымша уақыт қарастырып отырмыз. Егер жыл басында ондай мектептер саны 163 болса, қазір - 130. Демек кемшіліктерін түзету бойынша оң өзгеріс байқалады.

Айдос Жұманазар, Білім беру саласының сарапшысы:

- Бұл жерде енді бәрі теріс қарай жұмыс істеп кетті. Негізінде басында оларға рұқсатты кім берді? Бізде ең алдымен тексерісті осы жерден бастау керек. Тексерісті мектептер, кәсіпкерлер, оқушылардан емес сол мектепке рұқсатты берген құзыретті органды тексеру қажет. Енді сіз бардыңыз, мектепті көрдіңіз. Неге жарамсыз болса рұқсат бердіңіз? Ал неге рұқсат бергеннен кейін қайта оны тексеріп, ақшаны қайтарамын деп отырсыз? Бұл жерде осындай парадокстар бар.

Алайда нарық пен парық деген бар. Бейімделмесе түбі беймәлім боп кетеді. Ал табиғи сүзгіден мүдірмей өткендердің мәресі алда.

Ғабит Бекахметов, Білім беру саласының кеңесшісі:

- Негізі бұл талаптарға сай ашылған көп мектептер. Бірақ бұл талаптардың өзі біраз өзгерген. Қиындатылған. Көш жүре түзеледі. Үкімет мектептерімен салыстыру қиын. Өйткені үкімет мектептері әр қашан бүкіл материалдық тұрғыдан проблемалары жоқ. Бірақ нарықтағы мектептер әрине кейбірі жеңеді, кейбірі жеңіледі. Жалпы менің ойымша мектептерге байланысты процестерді, ұстаздарға байланысты процестерде оларға қалай көмектесе алатынымыз ойлау керек. Қоғам ретінде де, Үкімет ретінде де.

Мектептегі орын тапшылығын жоюды мақсат еткен құзырлы органдар ақыры осылай опық жеп қалды. Әйтсе де, ештен кеш жақсы. Жүгенсіз жекеменшік мектептерді жүйелеуге кірісті. Одан білім сапасы арта ма әлде парта пайдаға айнала ма, уақыт көрсетеді. Мемлекет жыл басынан бері 749 жекеменшік мектепке 100 млрд.тан аса теңге төлеген.

Авторы: Нысаналы Ығыл

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz