2030 жылға қарай тауарлық газ өндіру көлемі 2,4 млрд-тан 4,5 млрд текше метрге артады.
Сонымен қатар алдағы 10 жылда қазақстандықтардың 80 пайызы газбен қамтылады. Бұл туралы бүгін Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Межеге жету үшін жауапты ведомстволар, бірқатар маңызды жобаны жүзеге асыруы қажет.
Елде газ саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді. Үкімет отырысында Премьер-министр маңызды жұмыстардың бәрі алда екенін жеткізді. Олжас Бектенов ішкі нарықты газдандыру, ресурстық базаны кеңейту және стратегиялық жобаларды уақытылы жүзеге асыру мәселесі қатаң бақыланатынын атап өтті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы экономиканың орнықты дамуы үшін заманауи энергетикалық инфрақұрылым, ішкі нарықты энергия ресурстарымен сенімді түрде қамтамасыз ету және стратегиялық инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асыру қажет екенін әрдайым атап көрсетеді. Бұл міндеттер толығымен газ саласына да қатысты. Себебі ішкі тұтыну көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Өткен жылы 20 млрд текше метрге жетті. Президент қойған міндеттерге сәйкес, Үкімет газ саласын дамытудың кешенді және Перспективалы жаңа кен орындарын игеру жоспарларын бекітті.
Бүгінде елді газдандыру деңгейі 64,2 пайызға жеткен. Яғни қазір 13 миллионнан астам тұрғынға көгілдір отын қолжетімді. Енді алдағы 10 жылда көрсеткішті 80 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Энергетика министрі қазір бұл бағытта 40 жоба қолға алынғанын айтты.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Солтүстік өңірлерді газдандыру мақсатында 2025 жылғы 9 қазанда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Газпром» Жария акционерлік қоғамы арасында «Ишим – Астана» магистралдық газ құбырын салу жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Жобаны іске асыру Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын сенімді газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің солтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізу маршруттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Жыл соңына дейін Қашаған газ өңдеу зауытының құрылысы аяқталады. Жиында сөз алған «ҚазақГаз» компаниясының басқарма төрағасы осындай мәлімдеме жасады. Зауыт қуаты жылына 1 миллиард текше метрге жетеді. Жоба сәтті жүзеге асса, онда ілеспе газ толығымен өңделіп, ол таза көгілдір отынға айналады. Нәтижесінде елдің энергетикалық қауіпсіздігі сақталып, халық газбен қамтылады.
Әлібек Жамауов, «Qazaqgaz» ҰК»АҚ басқарма төрағасы:
- Қашаған кен орнында қуаты жылына 1 млрд м3 газ өңдеу зауытын салу жобасы бойынша жиынтық прогресс 61,4%. Негізгі жабдықты жеткізу 98%-ға аяқталды. Құрылыс алаңында 1775 жұмысшы мен 314 бірлік арнайы техника жұмыс істейді. Түнгі ауысымда жұмыс ұйымдастырылды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтаймыз.
Отырыста саланы цифрландыру бағыты да айтылды. Енді тұрғындар газбен жабдықтау ұйымдарына барып әуре болмайды. Себебі қажетті процеске өтініш беру - онлайн жүзеге асады. Бұл мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын арттырады, дейді жауаптылар.
Тегтер #газ
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz