Өскеменде 136 отбасы баспаналы болды. Қоныс тойын тойлаушылар қатарында көпбалалы жанұялар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған азаматтар бар.
Жалпы өңірде әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі оң шешімін таба бастады.
Өскеменде тұрғын үй құрылысы қарқыды. Дәл қазір шаһарда 120 көпқабатты үй салынып жатыр. Жыл сайын облыста 3 мыңнан аса пәтер пайдалануға беріледі. Бұл бағытта әлеуметтік осал санатқа жататын отбасыларды баспанамен қамту күн тәртібінен түскен емес. Мәселен, бүгін Есенберлин көшесінде сондай ондаған отбасы қоныс тойын тойлады.
Альмира Бейсенбинова – бес баланың анасы. Осы күнге дейін пәтер жалдап, жатақханада тұрып баспана қиындығын көрген. Дегенмен кезекке тұрып, талай жыл сабырмен күтіп ақыры өз шаңырағына ие болды. «Кең әрі жарық үш бөлмелі пәтер – біздің отбасымыз үшін болашақтың кепілі», - дейді ол.
Альмира Бейсенбинова, қала тұрғыны:
- Өте қуаныштымын. Бүгін мемлекеттен өз баспанамызға, өз шаңырағымызға көшкелі жатырмыз. Бүгінгі қоныс тойы құтты болсын! Барлық қазақстандықтарға бірдей қуаныш тілеймін.
Жыл басынан бері облыс орталығында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 150-ден астам пәтер берілді. «Сонымен қатар әр ықшам ауданды сапалы инфрақұрылыммен қамту да маңызды», - деді аймақ басшысы.
Нұрымбет Сақтағанов, ШҚО әкімі:
- Тұрғын үй құрылысымен қатар әлбетте сол жергілікті өңірде жол, су, жылу, жарық, басқа да инфрақұрылымдық құрылыстар жүргізілетін болады. Әлеуметтік нысандар, оның ішінде білім ошақтары денсаулық сақтау, мәдениет ошақтары салынады. Бұның барлығы халықтың әл ауқатын көтеру жолындағы үлкен жұмыстар болып есептеледі.
Баспаналы болған тұрғындар мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгеніне ерекше риза. Ал сала басшылары болса алдағы уақытта тұрғын үймен қамту жұмыстары жүйелі жалғасатынын жеткізді.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #Өскемен #отбасы #қоныс тойPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz